Елімізде әрбір азамат күніне 200 грамм жеміс тұтынады. Орта есеппен үш айда 18 келі жеміс-жидек жейді. Алматы, Астана қалалары мен Солтүстік Қазақстан облысы азықты көп тұтынған. Абай облысы мен Шымкент қаласында пайдалы өнімдерге сұраныс төмен. Осы және өзге де ақпараттар "Экономика" топтамасында.
Қайырлы кеш! Эфирде "Экономика". Студияда мен Сүндет Оралбек.
Әрбір қазақстандық күніне 200 грамм жеміс жейді. 3 айда қалалықтар 19,5 келі жеміс-жидек тұтынса, ауыл тұрғындары 15,5 кг талғажу еткен. Жемістердің ішінде алмаға сұраныс жоғары. Жан басына шаққанда 4,6 келі желінген. 1,6 келі банан, 1 жарым келі мандарин тұтынылды. Жүзім мен құрманы да сатып алушылар көп болды.
Елімізде қымыз өндірісі өркендеп келеді. Себебі, қамбар ата өніміне өзімізден бөлек шет мемлекеттерден түсетін сұраныс артып жатыр. Қаңтар мен ақпан айларында 178 тонна шипалы сусын сатылған. Ресей, Қытай, Түркия, Германия мен Франция сынды елдерге экспортталды. Ал шұбатқа сұраныс керісінше төмендеп жатыр. Биыл 184 тонна ағарған өндірілді. Бұл өткен жылдағыдан 5 тоннаға аз.
Ең ауқатты азаматтардың 10 процентіне елдегі жалпы табыстың 25 пайызы тиесілі. Қалталылар қаржысының 42 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Ал аз қамтылған халық шығынының 59 процентін ішіп-жемге жаратады. Ал азық-түлікке жатпайтын тауарларға ауқаттылар қаржысының шамамен 26 пайызын құртса, төменгі тап 19 процентін жаратады. Бірақ сатып алған заттарын салыстыруға мүлдем келмейтіні анық.
Валюта бағамына тоқталайық. Қор нарығында доллар бүгін 501 теңгеден саудалануда. Еуро 540, Ресей рублі 5,97 теңге болды.
Мендегі бар ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!