Осыдан 4 жыл бұрын Алматы түбінде апатқа ұшыраған ҰҚК әуе қызметінің АН-26 ұшағы металл сынығы ретінде сатылды.
Мемлекеттік мүлік тізіліміне және тиісті сауда-саттыққа ресми қол жеткізу нүктесі ретінде танылған е-qazyna.kz веб-порталында жарияланған лот мәліметтеріне сәйкес, қираған ұшақты сатып алуға қатысу үшін әлеуетті сатып алушы 810 897 теңге мөлшерінде кепілдендірілген жарна төлеуі тиіс болды. Ал бастапқы баға - 1 351 494,75 теңге.
Сауда-саттық барысында салмағы 14 тонна 60 келі болатын АН-26 ұшағының қирандысы 1 416 200 теңгеге сатылды.
- Лот үш рет жарияланып, төртіншісінде сатылды. Ережеге сәйкес, металл сынықтары ҰҚК ұсынысы бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен сатылатын нысандар тізіліміне енгізіліп бағаланды және сатылды, - деді қираған ұшақты сауда-саттыққа шығарған «Қазарнаулыэкспорт» кәсіпорнынан агенттік тілшісіне.
Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлайды.