Алматылық талапкер Санжар Қуандық Ұлттық бірыңғай тестілеуде 140 балл жинады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Санжар Қуандық "қазақ тілі мен әдебиеті" пәндері бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырып, ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Тестілеуден шыққан кезде оны достары қуанышпен қарсы алып, бұл сәттің видеосы желіде тарады.
"Тапсырмаларды орындауға шамамен үш сағат уақытым кетті. Қалған 40 минутты тек дұға жасап өткіздім. Нәтижесінде 140 балл жинадым. Минимум 139 балл жинаймын немесе рекорд орнатып, максималды балл аламын деп үміттендім", — дейді Санжар.
Алматы облысының білім басқармасының мәліметінше, Санжар Еңбекшіқазақ ауданының Толқын орта мектебінде оқиды. Қазіргі уақытта ол Алматы облысындағы тестілеуден ең жоғары балл жинаған жалғыз оқушы.