28 наурызында түнде Жамбыл облысының бірқатар аудандары мен Тараз қаласында жер сілкінді. Облыс әкімдігі ресми мәлімдеме таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жер дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл – Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді. Т. Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 баллды, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында – 2 баллды құрады.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр.
Барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері қалыпты жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы, Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғасында жарықтың пайда болғаны анықталды. Басқа нысандар туралы ақпарат нақтыланып жатыр, - делінген ресми ақпаратта.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жағдаймен танысу үшін Т.Рысқұлов және Меркі аудандарына барды.
8(7262)513575 нөмірі бойынша "жедел желі" іске қосылды. Толық ақпарат қосымша хабарланады.