Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Бақыршық тау-кен кәсіпорны жылына 10 тоннадан астам алтын өндіруді жоспарлап отыр

AstanaTV
20.06.2017ж. 20:00
8287
Бақыршық тау-кен кәсіпорны жылына 10 тоннадан астам алтын өндіруді жоспарлап отыр

ШҚО-дағы Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны жылына 10 тоннадан астам алтын өндіруді жоспарлап отыр. Мекеме 1,5 жылдан кейін толық жұмыс ырғағына көшеді. Бұл туралы кәсіпорынның бас директоры мәлімдеді. Қазір геологиялық барлау жұмыстарына басымдық берілген.

Жарма ауданындағы бір кезде қаңырап қалған ауылдар қазір адам танымастай өзгерген. Спорт кешенімен бірге балалар бақшасы мен мектеп те салынды. Әуезов ауылында дәрігерлік амбулатория салынды. Енді тұрғындар емделу үшін бұрынғыдай 100 шақырым жердегі облыс орталығына сабылмайды. Бақыршықтағы тау-кен өндіру кәсіпорнының инвестициялық бағдарламасымен 350 миллион теңгеге әлеуметтік нысандар құрылысы басталды.

Юрий Овчинников, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры:

Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Мектеп пен мектепке дейінгі оқытуды дамытсақ, білімді буынды өсіріп шығарамыз, әрі өзімізге қажетті жұмысшыларды дайындаймыз.

Бір кездері иесіз қалған алтын кәсіпорыны қазір қайта жанданған. Осыдан үш жыл бұрын қожайыны өзгеріп, Бақыршық пен Большевик кеніштерін қамтитын Қызыл жобасын «Полиметалл» компаниясы қолға алды. Қайта өңдеу кәсіпорнының құрылысы аяқталуға жақын, келер жылы алғашқы алтынын өндіреді.

Эрик Самратов, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС құрылыс бақылау бөлімінің жетекші инженері:

Мұнда дәнекерлеу өндірісі қолға алынады. Қазір бетон едендер мен рельс төселіп, ғимаратты қаптау жұмыстары жүріп жатыр.

Енді екі жылдан соң фабрика толық жұмыс ырғағына көшіп, жылына он тоннадан астам алтын өндіре бастайды. Қазір компания геологиялық барлау жұмыстарына қомақты инвестиция құйып жатыр. Алғашқы зерттеулер кеніштің құрамында алтыны көп рудаға бай екенін көрсетті

Юрий Овчинников, «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС бас директоры:

Біздің жобаға 322 миллион доллар керек. Бұл ақшаға инфрақұрылымдар мен қайта өңдеу кешені салынады. Техникалық қондырғыларды сатып алуға 69 миллион доллар жұмсалды. 

«Полиметалл» компаниясының Қазақстан нарығына инвестиция құюы - үлкен жаңалық. Кәсіпорын бұған дейін Ресей мен Арменияда өндіріс орындарын аяққа тұрғызған. Ең бастысы - компания жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға жол ашты. Биыл кәсіпорын 777 миллиондай теңге салық төлеген. Жоба іске қосылғасын, бұл сома өседі деп болжанып отыр.