Ұлытау облысында биыл қыста 3 мыңнан астам киік табиғи жолмен және бұралқы иттерге таланып өлген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлытау облысы әкімінің тапсырмасымен Жезқазған қаласының аумағы киік өлекселерінен тазартылып жатыр.
«Ақпан айынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Жезқазған аумағында бас-аяғы 660-тан астам, Қаражал қаласының аумағында 2342 киік өлексесі табылды. Өлекселер арнайы мал қорымдарына тасталып, жойылып жатыр. Механикалық зақымдары жоқ. Комиссия мүшелері оларды жою туралы акт толтырып, қол қойды. 2025 жылғы қыс айларында табиғи жолмен және бұралқы иттерге таланып өлген киік ұшаларын жинау жұмысы әлі де жалғасады», - деп мәлімдеді Ұлытау облысының әкімдігі.
Киік өлекселерін жинауға Жезқазғанда 6 арнайы техника, Қаражалда арнайы техникалар мен 11 топ тартылған.
Кеңгір су қоймасында мұздың еруіне байланысты қауіпсіздік мақсатында ТЖД-ның арнайы жасақталған мамандарынан құралған бөлімшелер жұмылдырылды, деп атап өтті әкімдік.