$503.15 €543.3 ₽5.93
×

Жамбыл облысында жер сілкінісінен 20-дан астам нысан зақымданды

AstanaTV
28.03.2025ж. 20:00
88
Жамбыл облысында жер сілкінісінен 20-дан астам нысан зақымданды

Жамбыл облысында жер сілкінді. Дүмпу күші Меркі ауданында 5 баллға жетті.   Орталық аурухана, балабақша және бірнеше баспана мен мәдениет үйі зақымданған.  Жер асты дүмпуі  бүгін күндіз төрт шамасында тағы қайталанды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің өңірдегі жер сілкінісінен кейінгі ахуал бойынша баяндамаларын тыңдады. Мемлекет басшысы Премьер-министр Олжас Бектеновке әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

Тәтті ұйқыда жатқан тұрғындар есеңгіреп қалды. Дүмпу Меркі және Тұрар Рысқұлов аудандарында қатты сезілген.  

АЛЛАМБЕРГЕН ҚҰДАЙБЕРГЕН, МЕРКІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түнде бала-шағаммен ұйықтап жатқанбыз. Үштің уақыты люстралар шыңғырлап оянып кетсек жер қозғалып жатыр екен. Далаға қашып шықтық семьямызбен.  


ӘСЕМКҮЛ ӨМІРБЕКҚЫЗЫ, ТАЛДЫБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Тура үйдің сыртынан тура тау жақ қой булдозер неғылғандай бұрқ етіп, қатты соққы болды. Сол кезде свет те өшіп қалды. Сол кезде өзімді өзім жоғалтып алдым да ана жерден қалтырап дірілдедім. Балам арғы жақта соткасын жағып мамалап ол жүр екен. Екеуміз қол ұстастық та есіктің астында тұрдық.


Жер сілкінісінің ошағы саналатын екі ауданда 20- дан аса әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің  қабырғалары жарылып, кейбірі қисайып, жапсырмалары опырылып түскен. Өңірде арнайы штаб құрылып, жедел   желі іске қосылды.  

ҚАНАТБЕК МӘДІБЕК, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ұлттық сейсмикалық орталықтың мамандарының қатысуымен және тиісті мамандардан құралған талдау жұмыстарын жүргізудеміз. Олар жарықтардың неден, қашан пайда болғанына қатысты қорытынды беретін болады. Және сол нысандардың ары қарай пайлануына қатысты шешім беретін болады.  


Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша  төтенше жағдайлар вице-министрі бастаған үкіметтік жұмыс тобы өңірге келді. Премьер-министр бірінші кезекте әлеуметтік нысандардағы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарындағы, жол қатынастары  мен өнеркәсіп кәсіпорындарындағы жағдайды басым тәртіппен бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, нысандарды тексеру, шығындарды бағалау және деректерді жинау бойынша мобилді топтардың саны артпақ.