Түркияда наразылық басылар емес. 2 мыңға жуық адам ұсталды. Ал «Путин жақында өледі» деп жұртты бір дүрліктіріп алған Зеленский тағы қандай батыл мәлімдемелер жасады? Толығырақ «Жер-жаһан» айдарында.
Қайырлы кеш! Эфирде - "Жер-жаһан". Әлемнің ең өзекті жаңалықтарын мен Мөлдір Жақан баяндаймын. Мьянмада 7,7 балдық жер сілкінісі болды. Эпицентрі Сагайна елдімекенінің оңтүстік-шығысында тіркелген. Зардап шеккен өңірлерде төтенше жағдай жарияланды. Тұрғын үй, мешіт, тарихи сарайлардың сау тамтығы қалмады. Ұзындығы 1 шақырым болатын көпір қирады. Жойқын жерасты дүмпулері сондай-ақ көршілес жатқан Таиланд, Бангладеш, Үндістан, Лаос және Қытай мемлекеттерінде де сезілген.
"Путин тек соғысты ойлайды. Ресей Украинаның Сум, Харьков және Запорожье облыстарына шабуыл жасауға дайындалып жатыр". Владимир Зеленский украиндық барлау қызметінің мәліметтеріне сүйене отырып осындай мәлімдеме жасады. Парижде өткен Украинаны қолдаушылар коалициясының саммитінде Зеленский Ресейге қарсы санкцияларды алып тастау – дипломатия жолындағы үлкен қателік екенін атап өтті. Украина басшысының бұл мәселеге алаңдаушылық танытуы орынды. Өйткені бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейдің талабы бойынша оған қарсы кейбір шектеулерді жеңілдету мәселесін қарастырып жатқанын жеткізген болатын. Дегенмен Еуропа елдері Украинаны толығымен қолдап отыр.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Ресей тарапы әдейі уақытты созып, Украинаның көбірек аумақтарын басып алу үшін бейбіт келісімге келуді кейінге қалдыруға ниетті. Бірақ саммиттегі кездесу нәтижесінде Украинаға қарсы соғыс әділетті бейбітшілікпен аяқталмайынша, Ресейге қарсы санкциялар жойылмайды деген шешім қабылданды. Бұл ұстанымды жиынға қатысушылардың барлығы қолдады.
Түркиядағы ереуіл басылар емес. Эрдоғанның авторитарлы билігіне тосқауыл қоя алатын бірден-бір оппозиционер Экрем Имамоглы қамауға алынғалы бері елдің әр өңірінде тұрғындар жаппай шеруге шығып жатыр. Әуелдегі бейбіт шерулер қақтығыстарға ұласып, полиция күш қолдануды бастады. Бүгінде екі мыңға жуық адам ұсталды.
БЕРК ЭСЕН, САЯСАТТАНУШЫ:
Біз қазір Түркияның саяси тарихында бұрын-соңды болмаған оқиғаларды бастан кешіріп жатырмыз. Егер алдағы аптада наразылық әлі де сақталса, бұл Эрдоған үшін күрделі сынаққа айналмақ.