Алматыда «Алғабас-6» ықшам ауданында сапасыз құрылыспен аты шыққан «Астанақұрылыс» компаниясы тағы да дауға қалды. Құрылыс мекемесі Үлкен Алматы өзенінің бойында орналасқан 400 орындық автотұрақты сүріп, орнына көпқабатты үй салмақшы. Бұл туралы «Орбита» шағын ауданының тұрғындары мәлімдеп отыр. Құрылысқа қарсы болған халық биліктің бұған жол бермеуін сұрап отыр.
Осыдан 40 жыл бұрын «Орбита» шағын ауданы тұрғындары үшін салынған көлік тұрағына қатысты тартыстың шыққаны бүгін емес. 2014 жылы жергілікті тұрғындар мен автотұрақ орналасқан жерді жалға алған «Темірлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында сот процесі жүрген. Бостандық аудандық соты тұрғындардың шағымын қанағаттандырмаған. Яғни жерге иелік ету құқығы аталған серіктестіктің құзырында қалған. Енді жер телімін мекеме «Астанақұрылыс» компаниясына көп қабатты тұрғын үйлер салу үшін бермекші,- дейді тұрғындар.
Өмірзақ Шыжыбайұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
Елдердің барлығы осы жерде жиналып, осы жерді тегістеп, мына жерде бәрін сүйреп, қолымызбен жасағанбыз, осыдан 40 жыл болып қалды ғой. Енді содан бері бәрі жөнімен келе жатқан, ешкімге мешать етпейді. Мына трасса, Аль-Фараби мына жақта. Мына жақта елдерден жалоб жоқ ешқандай. Тып-тыныш тұрып жатыр едік, келді да бәле болды осы. Тыныштық жоқ.
Автотұрақ Үлкен Алматы өзенінің жағасында орналасқан. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, көлік тұратын жердің астынан ескі өзеннің арнасы өтеді. Сондықтан ол жерге тұрғын үй салу қауіпті.
Хасен Үмбетов, Алматы қаласының тұрғыны:
Астынан су өтіп тұр дейді, мына жердегі мына кісілер міне... мен мына жерде 25 жыл бойы қойып жүрмін.
«Темірлан» серіктестігі автотұрақ аумағын 12 маусымнан бастап босату қажеттігін айтып, тілдей хабарландыру іліпті. Алайда тұрғындар бұл талапты орындаудан бас тартып отыр. Жергілікті атқарушы билік өкілдері де бұл мәселеден хабардар. Қала құрылысы және сәулет басқармасы жер теліміне иелік ететін компанияның тұрғын үй құрылысын жүргізуіне рұқсат бермеген.
Алмасхан Ахмеджанов, Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшсының міндетін атқарушы:
Оларға құрылыс салуға рұқсат берілмеген. Оларға тек рекомендация берілген, яғни қасындағы көршілермен мәселені шешіп тасауы керек еді. Ары қарай, енді сол тұрғындармен өзара келіспесе, үй салуға ешқандай рұқсат болмайды.
Қалалық жер қатынастары басқармасы қала әкімінің рұқсатымен жер телімін жалға беруді тағы бір жылға ұзартқан. Ал көпқабатты үй салуды жоспарлап отырған "Астанақұрылыс" компаниясы қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Сәулет басқармасы аумағы атшаптырым жерді тиімді игеру үшін тұрғын үй құрылысын салу қажеттігін айтады. Бірақ жергілікті тұрғындар зәулім үйлердің көлеңкесінде қаламыз деп құрылыс жұмыстарының басталуына наразы. Сондықтан бұл іске алдағы уақытта тек сот орындары ғана нүкте қоюы мүмкін.
Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ