Оралдық майдангердің марапаттау парағы табылды. Жергілікті өлкетанушы Ахмедияр Батырханов неміс басқыншыларының бетін қайтарған Мәмбетьяр Досқалиевтің ерлігі еленбей қалғанын айтады. Жау тылындағы елдімекендерді азат ету кезінде ол 30 жауынгерімен бірге немістердің ауыр техникасына тойтарыс берген. Архивті ақтарған тарихшылар бұған қоса Оралдан 102 әскери ұшқыш шыққанын анықтаған. Енді Жеңістің 80 жылдығына орай 13 майдангерге көше атауын беру туралы ұсыныс жолдапты. Олардың ішінде Мәмбетияр Досқалиев те бар. Айта кетелік, екінші жаһан соғысына Ақжайықтан аттанған 76 мың жауынгердің жартысынан астамы ерлікпен қаза тапқан.
АХМЕДИЯР БАТЫРХАНОВ, М. МӘМЕТОВА МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙ МЕҢГЕРУШІСІ:
Ол кісі лейтенант шенінде взвод командирі бола жүріп, жаудың 36 танкісіне тойтарыс берген. Қалған танкілер шегінуге мәжбүр болған екен. Сөйтіп полктің алға шабуылға шығуына үлкен мүмкіндік берген. Сол ерлігі үшін Досқалиев Мәмбетияр атамыз Ленин орденіне марапатқа ұсынылған. Бірақ сол кездегі солақай саясаттың салқыны ол кісіге Ленин орденін бермей, "Қызыл Ту" орденімен марапаттаған екен.