Сыр елінің өнерпаздары Еуропада өнер көрсетуде. «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі бұған дейін Өзбекстан, Түркия, Ұлыбритания, Финляндия жұртын тәнті етті. Қазақ халқының ұлттық мұрасын дәріптейтін концерт бұл жолы Эстонияның Таллин қаласында жалғасты. Мерекелік кешті 30 мемлекеттің елшілері мен дипломаттары және жергілікті қазақтар мен таллиндіктер тамашалады. Өнер майталмандары 200-ден астам қонақты шашу шашып қарсы алып, ұлттық дәмнен ауыз тигізді. Халқымыздың дәстүрлі музыкасы мен өнерін ұлықтаған Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздары қазақтың ән-жырын әуелетті. Сондай-ақ өнерпаздар эстон тілінде ән шырқап, көрермен ықыласына бөленді.
ХЕЛЕН ХУЗ, «ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:
Бізге күннің көзі жетіспейді. Бұл концерт күн шуағы іспеттес. Өнерпаздардың берген эмоциясы, жарқыраған костюмдер, әртістердің сиқырлы дауысын есту, бізге күн шуағын сыйлаумен пара-пар. Қазақ өнерпаздарымен бірге көктем ере келгендей. Барлық әртістерге рақмет айтамын. Біз сіздерді тағы да асыға күтетін боламыз.