Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрестен бүгін, 30 наурызда қазақстандық бес балуан сайысқа түседі.
Жанкүйерлер ел құрамасынан соңғы үш жылда қатарынан үш мәрте Азия чемпионаты атағын жеңіп алған Азамат Дәулетбековке үлкен үміт артады. Ол құрлықтық додада бес мәрте жүлдегер қатарынан көрінген. Оның ішінде 3-еуi алтын, 1-еуi күміс, 1-еуi қола. Биыл Азамат жарысты ширек финалдан бастайды. Қарсыласы — Лин Зушен (Қытай).
Сондай-ақ жарыстың аталған сатысында 61 келіде Мұхамед Балғабай Жамшид Шафаров (Тәжікстан) және Ванхао Зу (Қытай), 86 келіде Болат Сақаев — Батбилгун Наадамбат (Моңғолия)/Салимжони Халимзода (Тәжікстан) жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Ал 1/8 айналымда Нұрсұлтан Садық (65 келі) Оңтүстік Корея балуаны Жунсик Юн, Нұрқожа Қайпанов (74 келі) бахрейндік Магомедрасул Аслуевпен шеберлік байқасады.
Ел құрамасынан іріктеу кезеңінде Нұрсұлтан Азов (125 келі) жапониялық Таики Ямамотомен бозкілемге шығады,-деп хабарлайды kaz.inform.kz.