Бокстан әлемнің үш дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай Рамазан айының соңғы күнінде ауызашар беріп, артынан той жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі боксшы жайған дастарханнан елге белгілі азаматтар дәм татып, Назым спорттағы ағаларына шапан жауып, құрмет көрсетті. Олардың арасында кәсіпкер Бауыржан Оспанов, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам бар. Салтанатты жиынның фотосуреттерін Назымның өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Еске салайық, жуырда ғана Назым Қызайбай Сербияда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Осыдан кейін оны президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтаса, күні кеше Наурыз мерекесіне орай өткен салтанатты жиында боксшы қыз президенттің жанында отырды.
Еліміздің бокс тарихында рекордтық нәтижеге қол жеткізген Назымға ІВА жеңімпаз ретінде 100 мың АҚШ долларын табыстады. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан да 100 мың доллар берілетіні айтылды. Ал, мемлекет болса әлем чемпионы ретінде оған 15 мың АҚШ доллар сыйақы береді.