Қымбат балық далада жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында тасқын салдарынан “кіші Қоскөл” көлі арнасынан асып, қырға жайылған. Сумен бірге пелядь балығы да жан-жаққа тарап, шөптің қуыс-қуысында тығырыққа тірелді. Ізінше маңайдағы ауыл жұрты дереу жиналып, балықты ысырап етпеуге тырысты. Бірі балықты шелектеп, енді бірі қаппен тасыды. Құзырлы органның мәліметінше, бұл көл жеке кәсіпкерге жалға берілген. Балық шаруашылығымен айналысатын іскер көп ұзамай бөгет орнатып, судың тасуын тоқтатқан. Айта кету керек, теріскейде пелядтің құны шамамен қызыл балықпен бірдей.
ИЛЬДАР КӘКІМОВ, СҚО БАЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Тексеріс жұмыстарының барысында біз көлдің маңайын түгел аралап шығып, балықтың өлмегенін тіркедік. Айыртау ауданының әкімдігіне және жеке кәсіпкерге сақтық шаралары жөнінде әу баста ескерткенбіз. Алайда, тиісті шаралар дер кезінде қолданылмаған көрінеді.