$521.9 €593.5 ₽6.39
×

"Словениямен тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз", - Президент

31.03.2025ж. 20:00
136
"Словениямен тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз", - Президент

Елімізде Словения капиталы құйылған 19 компания кәсібін дөңгелетіп отыр. Мұндай кәсіпорындар саны алдағы уақытта еселеп артуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словения Президенті Наташа Пирц-Мусар бизнес, білім, туризм салаларында бірнеше маңызды құжатқа қол қойды. Астанаға алғаш рет ресми сапармен келген мәртебелі мейман өзімен бірге 25 ірі кәсіпкерлерді ала келген. Олар қос тараптың сауда-инвестициялық байланысын одан әрі ілгерілететін бастамалар көтермек. Толығырақ әріптесім Сүндет Оралбек өрбітсін.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Словения мен Қазақстан көп жылдан бері тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді, бірақ бүгінгі сапар екі мемлекет үшін болашақтағы бірлескен жобаларға, бизнес, экономика саласына жаңа дем береді. Қазір мәртебелі мейманды Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада күтіп алады. Делегация мүшелері таныстырылып, әнұрандары шырқалған соң Президенттер келіссөз залына барады.


Бүгінде екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына 33 жылдан асты. Осы уақыт ішінде қос тарапты толғандырған бірде бір түйінді түйіткіл тарқаусыз қалмаған. Экономикалық ықпалдастық одан сайын артып жатыр.  

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Словениямен тығыз ынтымақтастық құруға ниеттіміз. Бұл – анық. Президент ретінде өзара мүддемізге сай келетін барлық саладағы байланысты нығайтуға күш-жігерімді саламын. Сіздің елдің бизнес өкілдеріне және үкіметіңізге бірқатар ұтымды жоба ұсына аламыз.


Словения еліміздің ірі сауда серіктестерінің бірі. Экономикамызға салған инвестиция көлемі 200 млн долларға жуықтайды. Фармацевтика, машина жасау, телекоммуникация және жаңартылатын энергия көздері салаларында Словения капиталының үлесі бар 19 компания кәсібін табысты жүргізіп келеді.

НАТАША ПИРЦ-МУСАР, СЛОВЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұдан да зор жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Президенттер мен саясаткерлер арасындағы байланыстар әрқашан болашаққа бағдарланады. Өйткені саясаткерлер бизнестің көкжиегін кеңейтеді.


Мемлекет басшысы да кеңейтілген құрамдағы жиында екі ел арасындағы бизнеске қолайлы жағдай жасауға ниетті екенін жеткізді. Бұл үшін кәсіпкерлік қызметті реттеудің ашықтығын қамтамасыз ету, инвестицияны қорғау мен экономиканы әртараптандыру көзделіп отыр.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Олар да, біз де қазір айти саласын, жасанды интеллект саласын, көлік логистика, туризм әрине, жалпы айтқанда қарым-қатынасымыз жаман емес.


Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, маңызды минералдар, цифрландыру, жасанды интеллект, денсаулық сақтау және туризм сияқты перспективті салалардағы бірқатар мәселесін қарастырды. Келіссөздер нәтижесінде Президенттер бірнеше құжатқа қол қойды.

Былтыр Любляна қаласында Қазақстан Елшілігі ашылды. Бұл екі елдің достық қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін айғақтайды. Байланыс аясын арттыру үшін қос тарап көлік-логистка саласын ілгерілетуге ден қоймақ. Бұл туралы Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан екі ел арасындағы достықты одан әрі тереңдетуге мүдделі. Сондықтан бұл сапардың мән-маңызы айрықша. Біз бүгін құрметті Президент Пирц-Мусар ханыммен мазмұнды әрі жемісті келіссөз жүргіздік. Қазақ-словен ынтымақтастығының аясын кеңейту жолын талқыладық. Нақты уағдаластықтарға қол жеткіздік. Бірлескен мәлімдеме қабылдадық.


Ертең Астанада Қазақстан – Словения бизнес-форумы өтеді. Бұл жиын қос тараптың сауда-инвестициялық байланысын одан әрі кеңейтетіні анық.    
 
НАТАША ПИРЦ-МУСАР, СЛОВЕНИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінгі кездесулер, жалпы бұл сапар Словения мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашады деп ойлаймын. Екі ел де өзара түсіністік пен құрметке негізделген халықаралық құқық, орнықты даму мен серіктестік қағидаттарын қолдайды. Мен бұған ризамын. Келешекте де осы бағытта жұмыс істей беретінімізге сенімдімін.  


СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Словения Еуропадағы ең таза мемлекеттердің бірі. Экожүйені қорғау бағытында бірнеше озық жобаларды жүзеге асырған. Бүгінгі келіссөздер екі ел арасында сан салада ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді. Соның ішінде экологиялық бастамаларды нығайтуға сеп болады.