Павлодар облысында жүргізуші иесіз малмен соқтығысқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
30 наурызда Омбы-Майқапшағай тасжолында, Аққулы ауылының маңында Chevrolet Cobalt жүргізушісі құлынды басып кеткен. Жол апаты салдарынан жүргізуші жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Іздестіру барысында иесіз табын анықталған. Кейінірек соғылған жылқы мен табынның иесі де табылды.
"Бастапқыда малдың иесі апатқа ұшыраған жылқы өзінікі екенін танымай, бас тартты. Алайда кейін көлік қағып кеткен құлын өзінікі екенін мойындады. Иесі жауапкершілікке тартылды", - деді Павлодар облысының Полиция департаменті өкілі.
Айта кетейік, биыл мамандандырылған тұрақтарға 2352 иесіз мал қамалған, 127 адам жауапкершілікке тартылды.
Облыс аумағында иесіз малға қатысты 2 жол апаты тіркелді.