$503.05 €542.99 ₽5.98
×

Тергеуші оның қалтасында есірткі барын күні бұрын білген: Жоғарғы сот 3,5 жылға сотталған Лисинді ақтап шықты

AstanaTV
01.04.2025ж. 18:49
125
Тергеуші оның қалтасында есірткі барын күні бұрын білген: Жоғарғы сот 3,5 жылға сотталған Лисинді ақтап шықты

Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы аса ірі мөлшерде есірткі сақтағаны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған А.Лисинге қатысты қылмыстық істі қайта қарап, тергеушінің іс-әрекетінен заңсыздық тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Лисин сот үкімімен Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі (аса ірі мөлшерде психотроптық затты өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) бойынша үш жарым жылға сотталған. Алайда Жоғарғы сот ер адамға қатысты қылмыстық істі қайта қарап, жеке тінту жүргізілгенде тергеуші тарапынан заң бұзылғанын анықтаған. Тергеуші Лисиннің үстіндегі киімін тексермей тұрып, оның күртесінің оң жақ қалтасында есірткі пакеті жатқанын алдын ала білген.

«Іс материалдарынан анықталғандай, 2024 жылғы 30 қаңтарда тергеуші Лисинге қатысты рұқсатсыз жеке тінту жүргізген. Іс материалдарында тергеушінің 2024 жылғы 30 қаңтардағы жеке тінтуді жүргізу туралы қаулысы бар. Алайда жеке тінту жүргізу туралы шешім қабылдау кезінде тергеуші қаулының сипаттамалық-уәжді бөлігінде тінту жүргізіліп жатқан адамның жеке деректерін, іс-әрекеттердің толық сипаттамасын, табылған затты, оның қалай оралғанын, алу орнын көрсете отырып, тінту нәтижесін көрсетіп қойған. Жеке тінту туралы қаулыда тінту кезінде көк түсті «Adidas» күртесінің оң жақ қалтасынан қызыл түсті электр лентасымен оралған ақ-жасыл түсті, ерекше иісі бар ұнтақ тәрізді зат бар екі ZIP пакеті табылғаны көрсетілген. Жеке тінту жүргізу туралы қаулы шығарған кезде тергеуші бұл мәліметтерді және өзі жүргізгелі отырған тінту нәтижелерін алдын ала білуі мүмкін емес еді», - дейді Жоғарғы соттағылар.

Бұған қоса Лисинге жеке тінту қаулысы туралы күні бұрын хабарланбаған және оған танысуға ұсынылмаған.

«Осылайша, жеке тінту заң талаптарын елеулі түрде бұза отырып жүргізілген, сондықтан оны айғақ ретінде пайдалануға жол берілмейді. Тиісінше, одан кейінгі барлық дәлелдердің күші жоқ. Осыған орай, сот алқасы істі қылмыстық құқықбұзушылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатты», - делінген хабарламада.

Лисин дереу қамаудан босатылған. Ер адамға ақталу құқығы берілді.