$503.05 €542.99 ₽5.98
×

Президент Словенияның ірі компанияларын Астана халықаралық қаржы орталығына қосылуға шақырды

01.04.2025ж. 20:00
236
Президент Словенияның ірі компанияларын Астана халықаралық қаржы орталығына қосылуға шақырды

Соңғы 30 жылда Қазақстан мен Словения берік саяси-дипломатиялық байланыс орнатты. Екі елдің бизнес өкілдері бас қосқан форумда Мемлекет басшысы осылай деді. Бүгінде Словенияның Iskra, Gorenje секілді ірі компаниялары елімізде кәсібін дөңгелетіп отыр. Алдағы уақытта да білім, фармацевтика, IT саласында компаниялармен серіктестік орнауы мүмкін. Мемлекет басшысы іскерлік топ өкілдерін Астана халықаралық қаржы орталығына қосылуға шақырды.

Елімізге ресми сапармен келген Словения Президентінің екінші күні Астана халықаралық қаржы орталығын аралаумен басталды. Артынша екі ел басшысы Қазақстан-Словения бизнес форумына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін тағы да тілге тиек етті. Бүгінде Қазақстан Орта Азидағы экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдердің қатарында. Былтыр өсім 4,8 пайыз болды.   

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Ішкі жалпы өнім көлемі 288 миллиард долларға жетті. Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыра отырып, осы даму көрсеткішін сақтауға ниеттіміз.

 
Бұл сандар алдағы уақытта артады. Себебі, еліміз Еуразиядағы ір сауда әрі логистика хабына айналуға ұмтылады. Қазірдің өзінде Қазақстан аумағы арқылы өтетін жүк тасымалының көлемі көбейген. Еуропа мен Қытай арасындағы құрлықтық алыс-берістің 90 пайызын қамтамасыз етуде. Ақтау және Құрық порттары арқылы жөнелтілетін жүк көлемі 62 пайызға өсті. Алдағы уақытта Словенияның ең ірі Копер портымен серіктестікті нығайту көзделген. Энергетика саласында да жетістігіміз аз емес. Қазақстан мұнайының 70 пайызға жуығы Еуропа Одағы елдеріне экспортталады. Барланған табиғи газ қоры 3 трлн текше метрге жетеді, ал көмір кеніші 34 млрд тоннаны құрайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде Қазақстан ЕО экономикасы үшін аса маңызды 34 сирек кездесетін минералдың 19 түрін өндіреді. Осы сектордың әлеуетін толық пайдалану мақсатында әлемнің жетекші компанияларымен прагматикалық формулаға сай, яғни «шикізат орнына инвестиция мен технология» деген қағидаға сүйене отырып әріптестік құрамыз.


Словенияның Iskra, Gorenje сияқты озық компаниялары біздің нарықта табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ, еліміз Krka, Lek секілді компаниялармен фармацевтика өндірісін дамытуға, осы елдің IT компанияларымен серіктестік орнатуға мүдделі. Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы қызметі мен инвестициялар саласындағы байланыстарға айрықша мән берді. Ол Словенияның іскерлік топ өкілдерін Астана халықаралық қаржы орталығының әлеуетін зерделеп, аталған экожүйеге қосылуды ұсынды.