$503.05 €542.99 ₽5.98
×

Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабыла ма?

AstanaTV
01.04.2025ж. 20:00
103
Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабыла ма?

еGov сайты тағы істен шықты. Осының кесірінен ата-аналар балаларын мектепке бере алмай, біраз қиналды. Ал билік басындағылар болса Халыққа қызмет көрсету орталықтарын кезең-кезеңімен жабу керек деп отыр. Жыл соңына дейін орталықтардың жүктемесі 50%-ке дейін азайтылмақ. Бұл туралы бүгін Үкіметте айтылды. Елдегі Интернет сапасын ескерсек, бастама қаншалықты тиімді? Халықтың пікірі қандай? Мөлдір Жақан жалғастырады.

Қазақстан цифрлық мемлекеттік қызмет көрсету рейтингінде әлемнің үздік 10 ел қатарына енді. Премьер-министр Олжас Бектенов "мұндай нәтиже бюрократиялық процестерді жеңілдетіп, «электрондық үкімет» жүйесін дамытудың арқасында мүмкін болды» дейді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтерді проактивті және тікелей көрсету кезеңіне өттік. Яғни, мемлекеттен қызмет алу үшін ешқайда барудың қажеті болмайды. Жүйе азаматтың өтінішін күтпей-ақ бәрін өзі жасап береді. Пайдаланушылар өздеріне қажетті қызметтің бәрін ең көп дегенде екі рет басып алуға тиіс.


Алайда батырманы екі рет түгіл, он рет басса да, бүгін біраз ата-ана балаларын мектепке бере алмады. Үкімет үйінің қабырғасында жиналған құзырлы орган өкілдері мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейін жер-көкке сыйғызбай қолпаштап отырғанда eGov сайты істен шықты. Бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталғаны сол-ақ еді, платформа жүктемені көтере алмады.

РОСТИСЛАВ КОНЯШКИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Расымен, бүгін «Электрондық үкімет» платформасында тағы да қысқамерзімді ақаулар болды. Платформаның тез арада қалпына келтірілгенін атап өткім келеді. eGov порталы 2013 жылғы технологиялар негізінде құрылған және өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан жыл соңына дейін оның жаңартылған түрін іске қосуды жоспарлап отырмыз.


2024 жылы 310 млн мемлекеттік қызмет электрондық үкімет сервистері арқылы ұсынылды. Ал ХҚКО-ы 23 миллионнан астам қызмет көрсетті. 2023 жылмен салыстырғанда орталықтарда көрсетілетін қызметтер саны 45,7%-ға қысқарған. Сондықтан Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы кезең-кезеңімен онлайн форматқа көшіріледі.

БЛИЦ:

-  Дұрыс шығар, бірақ үлкен кісілерге қиындау болады. Өзім ЦОН-ға келемін негізі.
- Қазір халық дайын емес қой. Жастар өзіміз өйтіп-бүйтіп разберемся. Үлкен кісілер, жалғыз тұратын адамдар түсінбейді, амал жоқ ЦОН-ға келеді. Ал олар қысқарса, мүлдем бардак болады ғой.
- Бұл мүмкін емес. Интернет барлық жерде жақсы істейді деп айта алмаймын, сайттар істемей қалып жатады. Халық үшін ыңғайсыз болады.


Иә, бұл бастамаға сенімсіздікпен қарайтындар жетерлік. Көпшілік, әсіресе, елдегі Интернет сапасының төмендігін алға тартты. Қайбір кездері құзырлы министрліктің экс-басшысы Қазақстандағы интернет сапасы Токиодан жақсы деп айды аспанға бір шығарып еді. Бұл жолы жауаптылардың мұндай батыл салыстыруларды келтіруге дәті бармады.

ДАМИР СЕЙСЕМБЕКОВ, ҚР ЦДИАӨМ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
 

Былтыр мобильді операторлармен бірлесіп, қалалардағы Интернет жұмыс істемейтін немесе нашар істейтін 350 аумақты анықтадық. Бүгінде 125-тен астам аумақтағы Интернет жұмысын қалпына келтірдік.


Қазір Қазақстанда 300-ден астам ХҚКО жұмыс істейді. Онда 17 мыңға жуық адам қызмет етеді. Орталықтардың жүктемесі азайған кезде қанша адам жұмыссыз қалатыны әзірге белгісіз.