"Қазгидромет" синоптиктері сәуір айына арналған ауа райы болжамын жасады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Синоптиктердің болжауынша, кей өңірлерде әлі де қар аралас жаңбыр жауады. Ал кейбір жерлерде + 32°С дейін жылиды.
Сәуір айында ел аймақтары жылына бастайды.
Сәуірдің бірінші онкүндігінде елдің солтүстік жартысында түнде жауын-шашын болады. Қар аралас жаңбыр, көктайғақ, күндіз нөсер жауын, оңтүстік өңірлерде найзағай болады деп болжануда. Бұл ретте республика бойынша жел 15-20 м/с күшейеді. Ал түнде және таңертең тұман түседі, – делінген "Қазгидромет" хабарламасында.
Сәуір айында:
елдің батысында түнде +8 +13°С-тан -3 +8°С-қа дейін, күндіз +18 +25°С-тан +11 +16°С-қа дейін, оңтүстік-батыста күндіз ауа + 20 + 28°С-қа дейін;
солтүстік-батыста, солтүстікте, орталықта, шығыста түнде -5 +5°С-тан +3 +8°С-қа дейін, күндіз +8 +13°С-тан +15 +22°С-қа дейін;
республиканың оңтүстігінде түнде +2 +10°С-тан +10 +15°С-қа дейін, күндіз +18 +25°С-тан +25+ 30°С-қа дейін.
республиканың оңтүстік-шығысында түнде -5 +5°С-тан +7 +12°С-қа дейін, күндіз +12 +20°С-тан +18 +27°С-қа дейін жылынады.
Сәуірдің екінші онкүндігінде елдің солтүстік жартысында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады деп болжануда. Ал үшінші онкүндікте нөсер жаңбыр жауады.
Оңтүстік өңірлерде және еліміздің батысында күндіз ауа +23 +32°С дейін жылынады. Дегенмен +10 +18°С температуралық фондағы салқын күндер де болады.