$503.05 €542.99 ₽5.98
×

Атырауда бүгіннен бастап тауарлы газ тарифі 10 пайызға қымбаттады

01.04.2025ж. 20:00
118
Атырауда  бүгіннен бастап тауарлы  газ тарифі 10 пайызға қымбаттады

Тарифке тұсау жоқ. Коммуналдық тарифтердің өсуі бұқараның басын ауыртып тұр.  Атырауда  бүгіннен бастап тауарлы  газ тарифы 10 пайызға қымбаттады. Былтыр жыл соңында электр энергиясы құны көтеріліп, іле-шала ауыз су бағасы да  шарықтап кетті. Оған не себеп? Аймақтағы тілшілер баяндайды.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырауда биыл да электр энергиясының  бағасы шамамен 20  пайызға   қымбаттауы мүмкін. Былтыр жыл соңында 11 теңгеден   17 теңге 92 тиынға  көтерілген еді. Бұл тариф өзіндік құннан едәуір төмен, шығынды жаппайды,- дейді жабдықтаушы мекеме басшылығы.


Айтуынша,  жаңа жыл басталысымен  бірыңғай сатып алушы да, электр қуатын дайындық қызметі де бағаны көтеріп жіберген. Оның үстіне наурыздан бастап электр желісін пайдалануға арналған қызмет ,  шілдеден бастап  электр энергиясын жеткізу  қымбаттайды.  Сондықтан  тарифты көтеруге биыл да сұраныс түсірмек ниетте.

ТҰРЛАН ДОШАТОВ, «АТЫРАУ-ЖАРЫҚ» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Орта баға дегенде 26 пайызға көтеріп тұрмыз ғой.  Биыл ойымыз бар. Кетіп қалған АМӨЗ, КТК қайтып келетін болса, онда халықты қуантуға болады біздің тарифтерді түсіруге жағдайымыз бар деп. Олар келмей біз түсеміз деп айта алмаймыз.


Аймақтағы ірі мекемелер электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан  тікелей алу  үшін біртіндеп  келісім-шартты бұзып жатыр. Сондықтан  шығынды қарапайым халық  пен шағын кәсіпкерлер  есебінен жабуға мәжбүр. Электр энергиясы құнының  қымбаттауы  тіршілік нәрі  су тарифының өзгерісіне әкелді.  Енді көп тұтынатындар былтырмен салыстырғанда екі есе қымбат төлейтін болады.

ЗУЛФИЯ ЮСУПОВА, "АТЫРАУ ОБЛЫСЫ СУ АРНАСЫ" КМК ӨТКІЗУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Су тарифін төрт топқа бөлдік. Айына адам басына 3 текше метрге дейін пайдаланатындар,  5,  10 текше метрге дейін пайдаланатындар. Және 10нан жоғары  және есептегіші жоқ тұтынушылар. Әрине үйдегі адам саны есептеледі.  Есептегіші жоқ тұтынушыларға қымбат шығады.


БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ – ТІЛШІ:

Жаңа тариф тек  жеке адамдарға арналған.  Заңды тұлғалар  үшін  өзгеріс  жоқ.   Ал бүгіннен бастап тауарлы газ, яғни тұтынған көгілдір отын тарифІ  10 пайызға қымбаттады.  Аймақ халқы 9,49 теңгенің орнына  10 теңге 48 теңге төлейді.   Заңғар, Қостанайда тарифте өзгеріс бар ма?


ЗАҢҒАР САНАЙ,ТІЛШІ:

Иә, Тобыл өңірінде тариф тағы көтеріліп жатыр.Бір ай бұрын суық  судың құны өссе, бүгіннен бастап жылу  мен ыстық судың  бағасы   қымбаттады.КТМ: Табиғи монополияларды реттеу департаментінің дерегіне жүгінсек, «Қостанай Су» коммуналдық кәсіпорыны орташа  тарифті 7,41 пайызға көтеруді ұсынған. Ал «Қостанай жылу энергетикалық» компаниясы  бағаны 2,65 пайызға өсіруге өтінім бірген.  Тарифтің өзгеруі тек бюджеттік мекемелер мен заңды тұлғаларға қатысты.Қарапайым халық үшін өзгеріссіз қалып отыр.


НАЗЫМ БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қостанай Суға» тарифтер 1 наурыздан бастап бекітілген болса орташа тариф 7,41 пайызға өскен болса, халық үшін тариф өзгеріссіз қалды.Сол сияқты «Қостанай жылу энергетикалық компаниясының» тариф 1 сәуірден  бастап бектіліген болса, орташа тариф 2,65 пайзыға көтеріліп  халық үшін өзгеріссіз қалды.


Ағынды суды бұру және тазарту қызметтері үшін тариф айтарлықтай қымбаттаған. Халық үшін 11,50 пайыз, заңды тұлғаларға  11,70 пайызға өсті. Бюджеттік ұйымдарға өзгеріссіз қалды.

БЛИЦ:

- Өте қиын әрине.Біз ертеде пенсияға шыққанбыз.Минимальный пенсия.Төлеу қиын.Кішкене тоқтатып, бір қалпында қалдыруға болады ғой.
- Коммуналдық төлемдердің өсіп жатқаны баршамызға мәлім. Бұл тұрғыда білмеймін енді қай бағаны қай жерден алып қосып жатқаны.Дегенмен де енді халықтың айлығы өскенімен, зейнеткерлердің зейнетақысы өскенімен сәйкесінше азық-түлік, коммуналдық төлемдер де өсіп жатыр.


Өңірде электр желілері тозып тұр. Базалық станциялар да ескірген. Жаңғырту үшін жарық жеткізуші мекемелер тарифті тағы көтеруді сұрап отырған көрінеді.

ЗАҢҒАР САНАЙ, ТІЛШІ:

Жаңа тарифті бекіту мәселесі талқыланып жатыр.Неше процентке өсетіні әзірге белгісіз.Біздің жақтағы  жағдай осындай. Ал, Ақтөбеде тариф түйткілі қалай шешіліп жатыр? Әріптесім Бақыт Рахметова баяндайды.