Астанада полиция қызметкерлері қазақстандықтарды алдап келген алаяқтардың call-орталығын жойды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласында интернет-алаяқтардың жалған нөмірлерден қоңырау шалып, қазақстандықтарды алдап келген call-орталығы жойылды. Киберқылмыспен күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде автокөлік пен жылжымайтын мүлік ұтысын пайдаланып, азаматтарды алдаған бес адамнан тұратын топ ұсталды. Қылмыстық әрекет жасаған күдіктілер интернет-дүкендердің бірінен 2000-нан астам қазақстандықтың жеке деректерін қамтитын клиенттік базаны сатып алған. Алаяқтар жұмыс кеңсесін қаладағы бизнес-орталықтардың бірінен жалға алып, жас азаматтарды жұмысқа тартып, оларды абоненттерге тізім бойынша қоңырау шалуға міндеттеген. Әңгіме барысында қоңырау шалушы адам көлік немесе пәтер ұтып алғанын хабарлап, "сыйлықты алу үшін" салық төлеу қажет екенін айтып, 180 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша аударуды сұраған.