$504.34 €556.34 ₽5.97
×

"Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды", - Президент

04.04.2025ж. 20:00
72
"Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды", - Президент

"Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды". Өзбекстанда өткен "Орталық Азия - Еуропа одағы" саммитінде Мемлекет басшысы  Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді. Уағдаластықтар нәтижесінде шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенетінін жеткізді. Жиын барысында бұдан өзге бірнеше өзекті мәселе көтерілді. Жаһан жұртын толғандырған түйіткілдерді шешу жолы қарастырылды. Әріптесім Сүндет Оралбек Президент көтерген маңызды проблемаларды жіпке тізді.

Қазір әлемнен тыныштық кетті.  Жер-жерде соғыс оты өршіген. Осындай геосаяси шиеленіс бет қаратпай тұрған кезеңде Орталық Азия мен Еуропа одағы арасында ықпалдастықтың артып жатқаны қуантады. Қос тараптың көпжақты ынтымақтастығы беки түскен. «Орталық Азия – Еуропа одағы» саммитінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы екі жақты толғандырған мәселелер туралы өз ойын ортаға салды.  Ең алдымен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға тоқталды. Қазір Қазақстан одаққа мүше елдер нарығына жалпы құны 2 млрд доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын.  Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды. Энергетика саласы да ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы  арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақ мерзімді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дегенмен шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз.


Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элементтер бар. Осы ретте Президент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мәселесіне де айрықша тоқталды.  Еуропа Одағы Team Europe бастамасы арқылы Орталық Азия елдеріне цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өркендетуге көмек көрсетіп келеді. Осы орайда Президент Astana Hub базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан аталған салаларға инвестицияны арттырды. Жыл басында Президент жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды. Қазір елімізде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама басталды. Астанада Alem.ai жоғары технологиялар орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Бүгінде Еуропа одағы еліміздің ғылым және білім саласындағы маңызды серіктесіне айналған. Қос тарап Erasmus+, Horizon Europe бағдарламалары және тағы да басқа бастамалар аясында ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Қазақстанда отыздан астам шетелдік университеттің бөлімшелері ашылды. Бұл елімізде академиялық білімнің өркендеуіне ықпал етеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:


Біз гранттар мен стипендиялар санын көбейтуге мүдделіміз. Мұндай бірлескен бағдарламалар бірқатар Еуропа елдерімен жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз.


Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Украинаға қатысты келіссөз процесіне қолдау білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан кез келген қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін жақтайды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз.


Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталық құрылады. Саммитке қатысушылар бұл қарарды бірауыздан қолдады. Орталық Ұйымның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетуге,өңірдегі өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосады. Саммиттен соң Мемлекет басшысы Жаһандық климат сын-қатерлері кезеңіндегі Орталық Азия» конференциясына қатысты. Өңірді толғандырып отырған бірқатар мәселені жіпке тізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өңірімізде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәселеге айналып келеді. Оны екі нәрседен аңғаруға болады. Соңғы жиырма жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға кеміді. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және smart суару мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет.


Мемлекет басшысы жойылу қаупі бар жануарлар мен өсімдік түрлерін сақтау мәселесін де тілге тиек етті. Бұл бағытта елімізде  биоалуантүрлілікті қорғау қорын құру туралы шешім қабылданғанын айтты. Ол жасыл энергетикаға инвестиция құюға және табыс әкелетін орнықты экономика моделін құруға жол ашады. Осы бағытта қос тарап күш-жігерін еселеп, серіктестік аясын кеңейту керек. Себебі, мұндай күрделі сынақты бірде бір ел жалғыз өзі еңсере алмайтыны анық.