Әділетті Қазақстан құру үшін дұрыс құндылықтар жүйесі мен саяси мәдениет қалыптастыру қажет. Бұл орайда мәслихаттар маңызды рөл атқарады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында осылай деді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мәслихат депутаттары аймақтағы ағайынның ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Өңірлердің экономикасын, агроөнеркәсіптік кешенді, сондай-ақ инклюзивті қоғамды дамыту бағыттарына ерекше мән берілді.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің құрылғанына биыл 17 жыл. Сенат жанындағы бұл консультативтік-кеңесші орган осы уақыттың ішінде Парламент пен мәслихаттардың бірлескен жұмысының маңызды әрі тиімді тетігіне айналды. Бүгінгі жиында депутаттар мен Үкімет мүшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы орган өкілдерінің өзара ынтымақтастығын одан әрі арттыруға басымдық берілді.
ГҮЛНӘР ТОЙЛЫБАЕВА, ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Сайлаушылардың арасында зейнетақы жасына байланысты көтерілген мәселелерді айттық. Мектеп кітапханашыларының жалақысы төмендігі де көтерілді. Осы кеңесте берілген ұсыныстар өз шешімін табады деген үміттеміз.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев депутаттардың біліктілік деңгейі мен экономикалық саясатқа ықпалын жоспарлы түрде арттыру қажеттігін атап өтті. «Мәслихат депутаттарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерден хабардар болуы жеткіліксіз. Олар азаматтармен тиімді ашық диалог жүргізе білуі қажет»,- деді.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Мәслихаттарға маңызды міндет жүктелетіні сөзсіз. 2022 жылғы Конституциялық реформалардың аясында мәслихаттардың дербестігін нығайтуға арналған жүйелі шаралар қабылданды.
МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:
Соңғы жылдары мәслихат депутаттарының өкілеттігі біршама артқан. Мемлекеттік биліктің маңызды тармағы ретінде Мәслихат халықтың үнін атқарушы билікке тікелей жеткізеді. Сондықтан аймақ жұртшылығының тыныс-тіршілігі мен мұң-мұқтажы қашанда депутаттардың жіті назарында.