$516.16 €584.86 ₽6.25
×

Оралдық мүгедек жігіттің еміне 17 мың АҚШ доллары керек

AstanaTV
04.04.2025ж. 20:00
129
Оралдық мүгедек жігіттің еміне 17 мың АҚШ доллары керек

Құрылыста жүргенде ауыр жараланып, мүгедектер арбасына таңылған оралдық Нұрбек Әлібеков қаржылай көмекке мұқтаж. Биіктен құлаған жігіттің бел омыртқасы сынып, жұлынына зақым келіпті. Өздігінен жүріп-тұрудан қалған оның ендігі арманы - шетелде емделу. Бірақ шекара асу түгілі, қарызын қайтарудың өзі қиын болып тұр. Банк карталары бұғатталып, борышқа батыпты. Бірақ ел болып жылу жинап, қажет ақшаның басы құралса қарыздар болмаймын, дейді.

Нұрбек биік ғимараттың шатырын жауып жатқан жерде төменге құлап түскен. Жердегі қоршауға белімен түскен оның омыртқасы сынған, бұл аздай жұлынына сүйек сынығы кіріп кетіпті.  Оқыста І топ мүгедегіне айналған жігіттің жалғыз арманы - қайтадан аяққа тұру. Тек массажбен шектелген отандық ем-домнан үмітін үзген ол енді шетелде емделгісі келеді.

НҰРБЕК ӘЛІБЕКОВ, І ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:

Түркия жасап береміз дейді. Жасап бергенде емдейміз дейді. Мен кіндіктен төмен қарай сезбеймін ғой. Соны сездіріп береміз дейді кіндіктен төмен қарай. Аяқ жағыңды біртіндеп реабилитациямен келтіреміз дейді. Сездіріп береміз дейді, гарантия беріп тұр. Бірақ шығып қайтатын қаржы жоқ.  


Әйелімен бірге үш бала өсіріп отырған Нұрбектің мүгедектігі үшін алатын зейнетақысы пәтерақыға да жетпейді. Келіншегіне күтуші ретінде төленер пұлды қосып, амалдап отыр. Артылған ақша ішім-жемнен ауыспай, дәріден тарығатын кездер де болады екен.

ТҰРСЫН АХМЕТЖАНОВА, Н.ӘЛІБЕКОВТІҢ ЖАРЫ:

Біздің жанұямызға өте ауыр жағдай болды. Осы кісі тек біздің асыраушымыз болған еді. Өзім деген қазір жұмыста да жоқпын. Ол кісіге күтушімін мен. Бір жылдан асты, сол кісі әлі жатыр. Ешқандай өзгеріс жоқ.  


Нұрбекті емдейміз деген түркиялық клиника қызметі үшін 17 мың АҚШ долларын сұрап отыр. Бірақ басыбайлы баспанасы жоқ отбасыда мұндай ақша жоқ. Тіпті борышқа батып, банк карталары да бұғатталыпты. Бірақ уақыт тығыз, тез емдетпесе, жансыз қалған аяғы семіп, жағдайы нашарлап кетуі мүмкін. Сондықтан көмек көрсетем деген жандар болса, Нұрбектің  есепшотын ұсынамыз.
 
87024496567 Турсын.С
4400 4302 7217 1023
Каспи банк