Қызылжарлық мамандар дрондарды атып құлататын радиоқұрылғы ойлап тапты. Киров атындағы зауыт өкілдері бұл қондырғының шетелдік өнімнің көшірмесі емес, таза отандық өнім екенін айтады. Заманау технологияға қорғаныс министрлігі тапсырыс беріп, оны іс жүзінде қолдана бастаған көрінеді.
“Антидрон” деп аталатын заманауи қару радиотолқындар арқылы кез-келген дронды атып құлатуға қауқарлы. Отандық инженерлер мұндай құрылғының бір емес, екі түрін жасаған.
ТАЛҒАТ САБДИНОВ, ЗАУЫТТЫҢ 2-ЦЕХ БАСШЫСЫ:
“Семсер” деп аталатын бұл құрылғы 500 метрге дейін атады. Ол барлық радиотолқындарды қамтиды. Ал “Берен” құрылғысы винтовка сияқты, 4 шақырымға дейін ата алады. Бұл антидрондар 80 пайыз отандық өнімнен тұрады.
Киров атындағы зауытта түрлі әскери техника дайындалады. Антидрондардан бөлек рация, жылжымалы нысаналар мен түрлі чиптар жасау жолға қойылған. Зауытта 400ден астам маман жұмыс істеп жатыр.
АЙНАГҮЛ РАХМЕТОВА, ЗАУЫТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бұл зауыт екінші дүниежүзілік соғысы кезінде Петропавлға көшірілген. Тәуелсіздік алғаннан кейін біз қондырғыларды әрдайым жаңартып келеміз. Осының арқасында заманауи құрылғыларды жасау мүмкіндігі туды. Қазір қорғаныс министрлігінің 50 миллиард теңгені құрайтын тапсырысын орындап жатырмыз.
Қазір зауыт инженерлері стационарлы антидрон жобасын іске асыруды қолға алған. Ғимараттың төбесіне орнатылатын бұл қондырғылар 10 шақырымға дейін аспандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.