Бразилияда балабақша қызметкері улы жыланның шабуылынан өзін ерекше тәсілмен құтқарып қалды. Әйел жыланға қарсы тұрып, жауап ретінде тістеп алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі G1 басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға әйел балабақшаның есігін ашып жатқанда болған. Әйел байқамай жыланды басып кеткен, ал жылан оны саусағынан шағып алған. Қорқып кеткен күзетші балалардың қауіпсіздігін ойлап, жыланды ұстап алып, оны тістеп өлтірген.
Біраз уақыттан кейін әйел басының айналғанын және жүрегі айнығанын сезеді. Жыланның улы екенін түсінген әйел оны өзімен бірге алып, велосипедпен ауруханаға бет алады. Дәрігерлер жыланның адам өміріне аса қауіпті коралл жыланының түріне жататынын анықтады. Әйелге уақтылы көмек көрсетіліп, ол аман қалды.
Биолог Кристиан Рампек жылан шаққан жағдайда дереу медициналық көмекке жүгіну керек екенін атап өтті. Оның айтуынша, жыланды тістеу инфекцияға әкелуі мүмкін.
Айта кетейік, Бразилияда жабайы жануарларды, соның ішінде жыландарды қорғауға бағытталған қатаң заңдар бар. Жыландарды өлтіру экологиялық қылмыс болып саналады. Күзетшіге қандай да бір айып тағылатыны әзірге айтылмаған.