Қарағанды қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында екі жасар бала самокатпен жүрген кезінде көлік қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға 5 сәуір күні сағат 21:00 шамасында болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада баланың самокатпен жүріп, жаяу жүргіншілер жолағына жеткен сәтінде көлік оны қағып кеткені анық көрінеді. Баланың жарақат алып, ауруханаға жеткізілгені хабарланды.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті оқиғаның мән-жайын түсіндірді.
«Томирис» тұрғын үй кешенінің ауласында Chevrolet Nexia автокөлігінің 36 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен самокатпен өтіп бара жатқан екі жасар баланы қағып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан бала медициналық мекемеге жеткізілді. Аталған дерек бойынша полицияға тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген ресми хабарламада.
Полиция жүргізушілерді тұрғын үй аумақтарында жол ережесін қатаң сақтауғашақырып, ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, тіпті жабық аулаларда да сақ болуды ескертті.