Қазақстанда жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуына ықпал ететін коучтер мен бизнес-жаттықтырушылар қандай сертификаттарды пайдаланады? Kazinform тілшісі аталған мәселеге байланысты талдау жасап көрді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Наумова Қазақстанда жеке тұлға ретінде өсуіне кеңес беретін коучтер мен бизнес-жаттықтырушыларды міндетті түрде сертификаттауды ұсынды. Депутат оларды тіркеуден өткізу арқылы кәсби даярлығы мәселесін көтерді.
Әлеуметтік желідегі коуч нарығы мен тегін жарнамалық қызметтерге шолу көрсеткендей, олар өздерінің дағдылары мен құзыреттерін жоғары білім туралы дипломмен немесе әртүрлі, оның ішінде халықаралық қауымдастықтардың сертификатымен растайды. Бірақ көбінің мектептегі білімі туралы куәлігінен басқа көрсететін ештеңесі жоқ.
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, тек 2024 жылы білім саласындағы сапасыз қызметке қатысты 877 шағым түскен. Тұтынушылар негізінен оқытушылардың дайындығының нашарлығына, оқыту курстары үшін төленген ақшаны қайтарудан бас тартқанына шағымданған.
Мәселен, Талдықорған сотында мемлекеттік сатып алуда ақша табуды үйрететін сапасыз курстар бойынша шешім шығарылды. Сот тендерлер арқылы уәде етілген «жылдам табысқа» қол жеткізбеген, тек қомақты сомадағы қаржыны жоғалтқан тұтынушыларды жақтады. Соның бірі – Жұлдыз Ыдырысова.
Ол «миллиондаған доллар пайда» деп уәде берген коучтың жұмысына шағымданып, Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Департамент мамандары мән-жайды зерделеп, әлеуметтік желілерде ақпарат жариялаған. 2024 жылдың 11 қазанында ұйымдастырылған қабылдауда тағы 8 жәбірленушіден шағым түскен. Олардың бәрі тендерден табыс табу үшін серіктестік курстарда оқыған.
Жетісу облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің қызметкерлері жүргізген тексеру көрсеткендей, коуч-кәсіпкер арнайы келісім-шарттар жасамаған. Төлем жасау кезінде фискалдық түбіртек бермей, салық заңнамасын бұзған. Уәде етілген ай сайынғы курстар 3-4 сабақпен ауыстырылған. Содан кейін жаттықтырушы өзінің «жағдайын» алға тартып, оқытуды тоқтатқан. Бұл – ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 13-бабын тікелей бұзу. Соның салдарынан алданғандар білімін де жетілдірмеді. Ақшасын да қайтара алмады. Бірақ коучтың «ақылын» тыңдағысы келгендер арасында ақшасын «пайдалы тендерлер» арқылы тез қайтаруға үміт артып, несие алғандар болды.
– Департамент қызметкерлері тұтынушыларға аталған кәсіпкерге қатысты сотқа дейінгі талап-арызды ресімдеу бойынша құқықтық көмек көрсетті. Оған күнтізбелік 10 күн ішінде жауап беруге міндеттелді. Тұтынушылардың шағымдарына жауап бермеу арқылы кәсіпкерлік субъектісі заңнаманы бұзып, аталған жеке кәсіпкерге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді, - деп хабарлады мемлекеттік мекеме.
Тексеру барысында сапасыз қызмет көрсетуден зардап шеккендердің саны 18 адамға жетті. Ал олардың географиясы кеңейіп, Жетісу өңірінің тұрғындарынан бөлек, Алматы, Қостанай облыстары мен Астана қаласының тұтынушылары да арыз жазған. Нәтижесінде жалпы шығын көлемі 6 млн 593 мың теңгеге дейін өсті. Департамент тұтынушылардың заңды мүддесін қорғау үшін Талдықорған қаласының сотына талап арыз түсірді.
Ал сот талқылауы кезінде коуч-кәсіпкер жәбірленушілерге ақшасының бір бөлігін ғана қайтарды. Үш тұтынушыға 850 мың теңгені толық көлемде, ал қалған екі тұтынушының әрқайсысына 450 мың теңгені ішінара қайтарды. Алайда сот талапты толық көлемде қанағаттандыру, сол арқылы іске барлық жәбірленушінің мүддесін қорғау туралы шешім қабылдады.
Сот тыңдаулары барысында тренердің тендер тақырыбына көзқарасын нақты көрсететін тағы бір эпизод пайда болды. Анықталғандай, ол бұрын қаладағы мектептің бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізу конкурсында жеңіске жетіп, құрылысшыларға ақша төлемеген. Бұл оның қаржылық табыс табуының құпиясы ма? Ол әлеуметтік желіде шу көтерілген соң қарызын шұғыл өтеп берген.
Сондықтан, Мәжіліс депутаты Динара Наумованың білікті мамандардың тізілімін жасау туралы бастамасын өте орынды ұсыныс деуге болады. Депутаттың атап өткеніндей, бұл бастама Үкімет тарапынан қолдау тауып отыр.
– Жақында ғана депутаттық сауалға жауап алдық. Үкімет білікті мамандар тізілімін құруға қатысты айтылған ұсыныстарды қолдады. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырамыз. Тиісті заң жобасын дайындаған кезде барлық мүдделі тараптардың пікірін тыңдау қажет. Мен депутаттық сауалымда аталған нарықта жұмыс істейтін білікті мамандар бар екенін, бұл заң жобасында қарастырылатын реттеу шаралары оларға қатысты болмауы керектігін айттым, - деді депутат.
Қазақстанда кәсіби коучтерді дайындау мәселесі бұған дейін де көтерілген. Бірақ мәселе дуальды білім беру аясында ғана қозғалған еді. Үш мыңға жуық адам оқытылып, «Атамекен» ҰКП-ның тәлімгерлер тізіліміне енгізілді.
Коуч нарығына шолу жасағанда, «сәнді» кәсіптің кейбір өкілдері өз дағдыларын растау үшін ҰКП сертификатын беретінін байқауға болады. Ал «Оларда мұндай құқық бар ма?» деген сауалға берілген жауаптың астары бұлыңғырлау болып шықты.
«ҰКП тәлімгерлік мектебінде оқуды аяқтаған адамдардың тәлімгерлік мектебінің мақсаттары мен міндеттеріне қатысты емес дағдыларды растау үшін сертификатты пайдалануға құқығы бар ма?» деген сауал қойлды. Осыған орай «ҰКП тәлімгерлік мектептерінде кәсіпорын тәлімгерлері, дуальды оқытуға қатысушылар немесе олардың сұранысына сай кадрларды дайындауға мүдделі бизнес-қоғамдастық өкілдері үшін оқыту өткізіледі» деген жауап қайтарылды.
«Атамекен» ҰКП тәлімгерлік мектебі қандай мақсаттарды көздейді?» деген тағы бір сұрақ қойылды. Бұған жауап мынадай: «Колледждегі теориялық оқыту мен өндірістік оқытуды ұштастыратын дуалды оқыту – бұл белгілі бір жұмыс орнына кадрларды бірлесіп дайындау. Осындай жағдайда тәлімгер тұлғасы ерекше рөлге ие болады... Тәлімгердің міндеті – кәсіпке қойылатын біліктілік талаптарын колледждің өндірістік оқытудың жұмыс бағдарламасымен байланыстыру және кәсіпорындардың нақты талаптарын ескере отырып, өндірісте оқыту жоспарын құру. Тәлімгердің тәжірибелік және өндірістік оқыту бағдарламасын құру үшін нормативтік құжаттарды, ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерді пайдалана білуі маңызды, оларды колледждің оқытушыларымен немесе өндірістік оқыту шеберлерімен бірлесіп түзетеді. «Атамекен» ҰКП-ның миссиясы бизнес-қоғамдастық үшін аса қажетті екенін түсіндік. Бұл ҰКП жанынан Тәлімгерлік мектептерін ашуға түрткі болды. Неміс жүйесі бойынша дайындалған мультипликатор-жаттықтырушылар кәсіпорын мамандары – тәлімгерлерді оқытады».
Тәлімгер мектептері ашылғаннан бері қанша адам сертификаттаудан өтті? Бұл сұраққа «ҰКП тәлімгерлік мектептерінде тәлімгерлер сертификатталмайды. Оларға студенттерге және болашақ өндіріс мамандарына ең қажетті өндірістік дағдыларды берудің, педагогика мен психологияның негізгі әдістері мен тәсілдері оқытылады. Өндірістегі 2989 тәлімгер оқытылып, ҚР ҰКП Тәлімгерлер тізіліміне енгізілді» деген жауап берілді.
Парламент Мәжілісінің депутаты Динара Наумованың коучтерді міндетті сертификаттаудан және тіркеуден өткізу идеясын ҰКП қолдай ма? Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП блогерлер мен коучтер қызметін реттеу мәселесін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Мәдениет және ақпарат министрліктерімен пысықтау қажет. Өйткені бұл мәселе аталған уәкілетті органдармен өзара байанысты әрі сол органдардың құзыретіне жатады. Әрине, бұл қызмет саласын реттеу талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізу тұрғысынан пысықтау қажет», - делінген жауапта.