$518.31 €567.96 ₽6.03
×

Ақтөбеде аула сыпырушы екі баланың әкесін пышақтап тастады

07.04.2025ж. 20:00
59
Ақтөбеде аула сыпырушы екі баланың әкесін пышақтап тастады
Ақтөбеде аула сыпырушы ер адамды пышақтап тастады. Даудың басы - жүгерінің қалдықтары. Алдымен сөз таластырып, кейін суық қаруын сұғып алған. Ойын алаңқайында болған жаға ұстатарлық жағдай жайында әріптесіміз Бақыт Қазанғапқызы жалғастырады.

Инна Губий сұмдық оқиғаның куәсі болды. Айтуынша, оның 15 және 6 жастағы балалары ойын алаңында жүрген. Үлкен ұлының  қолындағы жүгерісі абайсызда жерге шашылып қалған көрінеді. Қоқысты жинап, жәшікке салғанымен, аула сыпырушы айқайға салып, баланы сыпырғышпен сабай бастапты.

ИННА ГУБИЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Аула сыпырушы оны сыпырғышпен ұра бастады. Ол барынша өзін қорғаған. Мына жерінен ұрған. Сосын артынан қуа жөнеліпті. Кішкентай інісі осыны көріп, шошып кетті, қатты жылаған. Үйге қайтайын десе, кішкентай баланы ұстап алып, жібермеген.

Амалы құрыған жасөспірім әкесіне қоңырау шалды. Ол келген соң, төбелес басталып кеткен. Ақыр аяғы аула сыпырушы ер адамға пышақ сұққан.

ИННА ГУБИЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Аула сыпырушы қалтасынан бума кілтті шығарды. Онда пышақ бар екен. Сол пышақты күйеуімнің  қабырғасына тығып алған. Мен келгенде күйеуім жарақат алып, қан-жоса болып жатты. Жедел жәрдем алып кетті. Артынша полиция келді.

Зардап шегуші қазір ауруханада ем алып жатыр. Оған дереу операция жасалды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Ал 69 жастағы аула сыпырушыға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Пышақ жарақатын салу дерегі бойынша полиция күдіктіні анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 106-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар күдіктіні қамау мәселесі шешілуде.

Айта кетейік, аула сыпырушы бұл жұмыста үш жылдан бері істеген. Бұған дейін мұндай оғаш қылық көрсетпепті. Ал жәбірленуші тарап күдіктінің заңға сәйкес жазалануын талап етіп отыр.