Трамп тариф тақырыбын тек медицина арқылы түсіндіреді. Өткен апта өзінің салық саясаты туралы айтқанда «Ауыр дертке ұшыраған науқасқа ота жасағандай», - деп теңеу жасаса, енді: «Кейде дәрі ішіп тұру керек», - деп елді аузына қаратты. Ал дәл осы кезде АҚШ Жоғарғы Соты Трамптың өзіне қарсы шешім шығарды. АҚШ Президентіне елден заңсыз қуған азаматтарды қайтарсын, - деп сабасына түсірді. Бірақ, Ақ Үй басшысы бұнымен келісер емес. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Бүкіл әлемдегі қор биржалары Трамптың тариф туралы шешімінен кейін құлдырауды жалғастыруда. Жапониядағы Никкей де, АҚШ-тың өзіндегі Насдак та акциялары құлдилап барады. Жалпы, мен-мен деген акциялары қор биржаларында саудаланады деген компаниялардың құны түсті. АҚШ Президенті бұған міз бақпады. Бұл ел экономикасы үшін пайдалы, жақын арада инвестициялар да, компаниялар да қайта келеді. Жай ғана арасында дәрі ішіп тұру керек,- деп жауап қатты.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қайталап айтамын. Әлемнің барша елі біздің есебімізден байып келді. Экономиканы сауықтыру керек. Бұл шаралар жазылу үшін дәрі ішкенмен тең. Компаниялар қайта оралады. Бұрын-соңды болмаған инвестициялар тартылады. Алаңдауға негіз жоқ.
Трамп Латын Америкасына қуып жіберген адамдарды қайтарсын. АҚШ Жоғарғы Соты осылай деп шешім шығарды. Себебі, арасында қылмыстық топтарға қатысы бар мигранттар ғана емес, Америкада туып-өскен азаматтар да болған.
САЙМОН САНДОВАЛ, МОШЕНБЕРГ – ЗАҢГЕР:
Сот біздің заңды талаптарымызды қанағаттандырды. Ақылға қонымсыз. АҚШ азаматын қалайша өзге елге депортациялауға болады? Биліктің өзі заңды сақтамаса, жағдайымыз қиын.
Израиль Газа секторына қайта шабуыл жасады. Демалыс күндерінің ішінде-ақ, 100 бейбіт тұрғын қаза тапқан. Барлығы тек әйелдер мен балалар. Соның өзінде, Дональд Трамп Израиль билігінің саясатын қолдады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен Премьер-министр Беньямин Нитаньяхумен сөйлестім. Одан бөлек, тұтқыннан босаған Израильдік азаматтармен де жеке сөйлестім. Проблеманы тек осылай шешуге болады. Мен жақын арада Газа секторының проблемасын өз қолыммен шешемін.
Демалыс күндері Израиль әскері Газа секторында жедел жәрдем көліктерін атқылады. Жарақат алған жандарға бара жатқан 23 дәрігер сол жерде көз жұмды.Израиль билігі оқиғаға байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.