$518.31 €567.96 ₽6.03
×

«Үш жыл қатарынан зиратта түнедім», - тұрғын

07.04.2025ж. 20:00
64
«Үш жыл қатарынан зиратта түнедім», - тұрғын

«Үш жыл қатарынан зиратта түнедім». Ата-ана қамқорлығынан айырылған бұл  азамат барар жер, басар тауы болмаған кейін бірнеше жыл көше кезген. Алғашында өлгендердің жанына барып, тыныштық тапқан жігіт қазір мешіттің айналасын күзетеді. Бұл бір ғана мысал. Айналамызда балалар үйінен кейін өмірі күл-талқан болғандар көп. Кей деректерде мұндай түлектердің тек 10 проценті әрі қарай өмірге бейімделе алатыны айтылған. Жетімін жылатпаған қазақ жетілген жеткіншектің тағдырына қаншалықты мән беріп жүр? Әріптесім Аружан Задабек осы тақырыпты зерттеді.  

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әке-шешесі жанында жүрген жандарды мен дәл осылай елестетемін. Қос қанаты екі жақтан демейді. Қиналса көмектеседі, құласа тұрғызады. Ал, ата-ана қамқорлығынан айырылғандар ше? Олар құс секілді. Қанаты қиылса ұшып кете алмайды. Ал құс кейпіндегі балалар өмірге тез бейімделіп кете ала ма? Ойланатын сұрақ.  


Нұрлан Түлекенов  – 1985 жылы Семей қаласында туған. Анасы құшағындағы сәбиін құндақтаулы күйінде сол қаладағы балалар үйінің алдына тастап кеткен. Нұрланның өзі туралы білетін бар ақпарат осы. Балалық шағы дегенде ойына тек ұрып-соққан тәрбиеші мен адам құрлы көрмеген қызметкерлер түседі дейді.

НҰРЛАН ТҮЛЕКЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Детдомда қалай ұрған... Таяқпен, 7-5 жаста болғанда таяқпен ұрды ғой тәрбиешілер. Қатты ұрған ғой. Осы басым түгел шрам. И бізге спонсорлар алып келеді сыйлық, вроде бізге берді. Спонсорлар кетсе бізден алып қояды.


Небір қиындықты бастан кешкен кейіпкеріміздің балалар үйінен түлеп шыққанына биыл 23 жыл болады. Содан бері бетімнің бері қарағаны осы дейді. Кезінде жетімдер үйінде балалармен тікелей жұмыс істеген психолог Анаргүл Ибарайымбекова Нұрланның әрең дегенде ес жиюы орынды екенін айтты. Өйткені ата-ана қамқорлығынсыз өткен жандардың тек 10 пайызы қалыпты өмірге бейімделеді. Қалған 90 проценті көбіне есірткіге әуестеніп не қылмысқа бой алдырады.
 
АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Балалар үйінде өскен балалардың ашушаңдығы ол өзін-өзі сақтау механизмі ретінде қолданып жатады. Не үшін нашаққорлыққа тез бейімделіп жатады, ішімдікке тез салынып жатады? Себебі балада бастапты фундамент жоқ. Өзінде арқасүйер азамат болмағаннан кейін сондай жеңіл әрекеттер арқылы өзіне ләззат алғысы келіп жатады.


Бейімделу деп бекер айтып атқан жоқпыз. Кейіпкеріміз Нұрланның өзі балалар үйінен кейін үш жыл зиратта тұрған. Оған бірінші себеп – «орта мені қабылдамайды» деген қорқыныш{. Азамат «ол кезде мен өлілерден емес, тірілерден қорықатын едім» деп еске алды. } Баспана мәселесі тағы бар. Нұрлан 2014 жылдан бері жетім ретінде үй кезегіне тұр. Арада 11 жыл өтті, үйдің кілті әлі қолына тимеген. Тіпті, кезегім жылжымайды деп наразы.

НҰРЛАН ТҮЛЕКЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Шыққанда ойландым халық мені примит или не примит деп. Қалай мен вообще тұрамын? Сол жағдайда өмір нашар болды. Зиратта жатқанмын мен. Мен өлкен адамнан  қорықпаймын. Тек қана Алладан қорқамын. Басқалардан қорықпаймын. Сол жерде сторож тамақ берді, жылы жатақхана берді.


«Жетімді жылатпаған қазақ едік қой» деп әкімдікке қоңырау шалдық. Сөйтсек бір ғана Астананың өзінде 38 мыңнан аса адам кезекте тұр екен. Оның 2607-і – ата-ана қамқорлығынан айырылған. Былтыр бұл санаттағы 327 тұрғын баспаналы болды. Бұл тек әкімдік есебінен.

БЕКЖАН СИПАТ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ КЕҢЕС БЕРУ ЖӘНЕ ҚҰЖАТ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Жетім балалар бұл орайда ҚР белгіленген тәртіп төңірегінде әртүрлі мемлекеттік бағдарламаларға қатыса отырып, тұрғын үй ала алады. Оның ішінде коммуналдық тұрғын үйден бөлінетін сатып алу құқығымен жалдамалы пәтер бағдарламасы. Яғни бұр орайда белгіленген жаңа тәртіп бойынша азаматтар бұрыңғы жалға берілген тұрғын үйлерді өздерінің аттарына жекешелендіре алады.


Үй мәселесі бір бөлек. Балалар үйінен шыққан 70 процент оқушы Жоғары оқу орындарына түсе алмайды деген статистиканы көзіміз шалды. Қазір елде 22 080 жетім бала бар. Жыл сайын интернатты мыңға жуық түлек бітіреді. Ал былтырғы оқу жылында 88 204 студент мемлекеттік грант бойынша білім алды. Осы гранттың тек 1 пайызы ғана ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға берілген.  Бұл – шамамен 882 грант.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Ата-ана қамқорлығынан айырылған әр жан дәл осы құс секілді.  Оның жел мен боранға дес берме, қалықтап ұшуы өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда қиын әрі күрделі. Сондықтан бірге демейік. Еркін ұшсын, биікте қалықтасын!


Жетімдер тағдыры тасада қалмауы тиіс. Біз де бұл мәселені жабулы күйінде қалдырмаймыз. Кейіпкеріміз Нұрлан Түлекенов - бір мысал. Осыған ұқсас тағдырлар туралы сенбі, «Сараптаймс» бағдарламасында толығырақ тарқатамыз.