$521.67 €592.46 ₽6.32
×

Трамп саясаты: әлем экономикасы рецессияға ұшырай ма?

AstanaTV
08.04.2025ж. 10:22
166
Трамп саясаты: әлем экономикасы рецессияға ұшырай ма?

АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа тарифтер енгізу туралы мәлімдемесінен кейін Еуропаның ең ірі қор нарықтарында дүрбелең туып, сауда көлемі 4%-ке дейін төмендеді. Бұл жағдайға инвесторлар алаңдап, құнды қағаздарын жаппай сатуға көшкен.

Бұл үдеріс әлем экономикасының рецессияға бет алғанын білдіре ме? Әлде уақытша жағдай ма? Лондон қор биржасына тіркелген ең ірі 100 компания акцияларының бағаларын бақылап отыратын Британ индексі жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге түсті. Ал Азия нарықтары соңғы ондаған жылдар бойы болмаған ең ауыр күнді бастан өткерді.

Германия мен Франция нарықтары да минусқа кетті. Қор нарықтарының қаншалықты құлдырағанын ұғу үшін айтайық: Британ индексіндегі небәрі бес компания ғана аптаның алғашқы жұмыс күнін аздаған өсіммен аяқтады. Мұндай динамика президент Трамптың тариф саясаты жаһандық экономика үшін қаншалықты қауіпті екенін көрсетіп отыр. Инвесторлар табыс азаяды деп түрлі салалардың акцияларын жаппай сатып жатыр. Бұл өз кезегінде компаниялардың шығындарын қысқартып, бағаның көтерілуіне алып келуі мүмкін. Ол жұмысшылар мен тұтынушыларға да әсер етеді.

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі: - Бұл, сөзсіз, үлкен сынақ. Бірақ дәл қазір сабыр сақтап, батыл қадамдар жасау қажет. Сауда соғысында ешкім жеңіске жетпеген. Мұны бәріміз де жақсы білеміз.

Ақ үй басшысының сауда саясатынан Еуропа банктерінің де акция индексі төмендеп, «аю нарығы» кезеңіне енді. Бұл акциялардың немесе басқа да активтердің бағасы ондаған процентке күрт төмендеуін білдіреді. Осының салдарынан бүгінде инвесторлардың көңіл күйі пәс, сауда жүргізуге зауқы жоқ.

Оливер Рот, ODDO BHF банкінің Германия, Австрия және Швейцария бойынша нарықтармен жұмыс жасау бөлімінің басшысы: - Мен әзірге қор нарығы түбегейлі құлдырады деп айта алмаймын. Бірақ оның ауылы алыс емес сияқты. Дональд Трамптың бастамасына ұқсас жағдай тарихта бірнеше рет қайталанған. 1930 жылдары осылай болған. Бәрі тарифтерден басталды. Олар әлемдік саудаға әсер етіп, рецессияға әкелді.

Нарықтар да АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісі рецессияға алып келуі мүмкін деп алаңдайды. Американың жаһанға саяси-экономикалық ықпалы зор. Бірақ осыған қарамастан сарапшылар алдағы оқиғалардың өрбуіне Қытай мен Еуропа секілді халықаралық ойыншылардың іс-әрекеті әсер етеді деп есептейді.

Аранча Гонзалес Лэйя, ПО университеті Париж халықаралық қатынастар мектебінің деканы: - АҚШ өз стратегиясын қайта қарауы керек. Олар үзіліс жасап, нақты мәліметтерге назар аударуы тиіс. Сауда соғысы АҚШ азаматтарына, инвесторларына және кәсіпкерлеріне кері әсер етіп, бүкіл әлем үшін ауыр зардаптар әкелгелі тұр.

Қор нарығындағы жағдай әрдайым нақты экономикалық ахуалды көрсете бермейді. Акция бағасының құлдырауы міндетті түрде экономикалық дағдарыстың келе жатқанынан хабар бермейді. Дегенмен Трамп соңғы жүз жылдағы ең қатаң және ауқымды тарифтерді енгізгелі рецессия қаупі айтарлықтай артып отыр.

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.