$521.67 €592.46 ₽6.32
×

Мәжіліс төрағасы Израиль Кнессетінің спикерімен кездесті

AstanaTV
08.04.2025ж. 19:43
151
Мәжіліс төрағасы Израиль Кнессетінің спикерімен кездесті

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Астанаға ресми сапармен келген Израиль Кнессетінің спикері Амир Оханамен кездесті. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықтың келешегін талқылады,-деп хабарлайды  Astana TV.

Палата төрағасы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі серіктесінің бірі екеніне назар аударып, Қазақстан Израильмен жан-жақты ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін атап өтті.

– 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Израиль арасында жоғары сенімге негізделген саяси диалог орнатылды. Бұл тұрғыда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль Президенті Исаак Герцогтың жуырдағы телефон арқылы сөйлесуін ерекше атап өткен жөн. Әңгімелесу барысында Израиль Президентінің биыл Астанаға ресми сапарын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл Қазақстан-Израиль ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезеңге айналатыны және елдерімізді жақындастыруға елеулі үлес қосатыны сөзсіз, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері мәртебелі мейманға Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық реформалардың нәтижелері туралы айтып берді.

Сонымен бірге тараптар екіжақты әріптестікті дамытуда заң шығарушы органдардың рөліне тоқталып, парламентаралық байланысты тереңдетуге уағдаласты.

– Біз Израильмен парламентаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Болашақта достық топтар мен бейінді комитеттер деңгейіндегі ықпалдасуымызды одан әрі нығайтуға шақырамын, – деді Палата төрағасы.

Кездесу барысында сауда-экономика, ауыл шаруашылығы, IT, жасанды интеллекет, денсаулық сақтау, су ресурстарын басқару мен мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестік мәселелері де қозғалды.


Өз кезегінде Амир Охана мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық қарқынды дами беретініне сенім білдіріп, Қазақстанмен жаңа технология, инновация саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін айтты.

– Болашақ технология, инновация мен білімде екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Осы орайда екі елдің игілігі үшін бар күш-жігерімізді біріктіруге болады деп санаймыз. Сіздермен жиған білімімізбен, идеяларымызбен және технологияларымызбен бөлісуге дайынбыз, – деді Амир Охана.

Кездесу соңында тараптар мұндай сапарлар елдерімізге екіжақты ынтымақтастықты, халықтарымыз арасындағы достық пен парламентаралық байланысты нығайтуға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.