Астанаға Дженнифер Лопес келеді. Оны бүгін үкімет қабырғасында «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов айтып сүйіншіледі. Әлемге әйгілі әншінің елге келуін ұйымдастырушылар тарихи оқиғаға балап отыр. Әнші өзімен бірге экономикамызға 400 млн теңге қаражат әкеледі әрі туристік әлеуетімізді арттырады дейді. Туристерді тарту үшін үкімет тағы не істеп жатыр? Тілшіміз Бекболат Сатуов айтсын.
Туризмді дамытуға қауқарымыз жетеді. Оған тауымыз да, көліміз де, шырайлы жеріміз де бар. Тек ақсап тұрғаны -инфрақұрылым. Сондықтан үкімет алдымен тау кластерін дамытуға кірісіп отыр. Себебі тау туризмінен жағажайға қарағанда едәуір көп қаражат табуға болады. Бұдан бөлек, енді әр өңірде жыл сайын ауқымды шара ұйымдастырылады. Осы арқылы аймақтардың туристік әлеуетін арттырмақ. Сондай-ақ, келушілерді тіркеу мәселесі де өзекті. Оларды «eQonaq» ақпараттық жүйесіне тіркеп отыру міндеттеледі.
ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:
Егер шетелдік азамат қонақ үйге тоқтаса – оны отель тіркейді, пәтерге тоқтаса – жалға беруші тіркейді. Ал егер достарына немесе туыстарына қонаққа келсе, оны тіркеу шақырған үй иесінің міндеті болып саналады.
Шетелдік қонақтар үшін тағы бір сүйінші жаңалық бар. Олар енді елімізде жылдап жүрсе де болады. Ол үшін былтыр ғана енгізілген Neo Nomad визасын алса болғаны. Сонымен қатар қонақтар үшін сатып алу жүйесі де цифрландырылып отыр. Айтпақшы, }елге туристерді тартудың тағы бір тартымды жолы ол шетелдік танымал жұлдыздармен қарым-қатынас орнату. «Астана концерт» компаниясы биыл танымал әнші Дженнифер Лопестің концерттік кешін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
МӘЛІК ХАСЕНОВ, «АСТАНА КОНЦЕРТ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ:
Бірінші тамызда «Астана арена» стадионында бүкіл әлемге танымал әнші Джениффер Лопестің концерті өтеді. Концерт толығымен коммерциялық негізде ұйымдастырылады. Сырттан 15 мыңнан астам турист келеді деп күтіп отырмыз. Қаланың экономикасына 6,5 млрд теңге және концертті өткізуден бюджетке 400 млн теңге тікелей салық түсімдері түседі.
Премьер-министр Олжас Бектенов әлемдік деңгейдегі жұлдызды Қазақстанға тартқан «Астана концерт» компаниясын мақтады.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Біз сізбен бірнеше рет кездесіп, әлемдік жұлдыздарды тарту жоспарыңызды талқылаған едік. Осы жұмыс қолдарыңыздан келгеніне қуаныштымын. Бұл ұзақ жол болғанын білемін. Өйткені осындай концертті ұйымдастыратындар өте жоғары талаптар қояды. Сол себепті бұл жақсы. Қазақстанды осы тектес концерттер үнемі өтетін орынға айналдыру үшін осы жұмысты жалғастыру қажет. Үкімет тарапынан қажетті қолдауды көрсетеміз.
Енді отандық фермерлер агротуризммен айналыса алады.Қазір елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік бермек. Ал Бурабайда туристер қауіпсіздігін арттыру үшін жедел басқару орталығымен біріктірілген 114 «ақылды» бейнебақылау камерасы орнатылады.
Сондай-ақ, елімізде TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасы енгізіледі. Туристер қонақ үйді брондап, билеттерді сатып алып, гидтер мен маршруттарды оңай таба алады. Оны әуежайлар алдына қойылған QR код арқылы пайдалануға болады.