$521.67 €592.46 ₽6.32
×

Қылмыстық жолмен сатылған деп көліктері ақылы тұраққа жабылған бір топ қызылордалық шарасыз күйде жүр

Қылмыстық жолмен сатылған деп көліктері ақылы тұраққа жабылған бір топ қызылордалық  шарасыз күйде жүр

"Қылмыстық жолмен сатылған" деп көліктері ақылы тұраққа жабылған бір топ қызылордалық  шарасыз күйде жүр.  Айтуларынша, 12-6 млн теңге көлеміндегі тұлпарларын былтыр сатып алған. Артынша, оның бастапқы егелері алаяққа алданғаны белгілі болады. Жеме жемге келгенде соңғылары сан соғып қалып отыр. Мән-жайды тілшіміз білді.

Күлімшат Еркін 6 айдан бері сандалып жүр. Былтыр 12 млн теңгеге несие рәсімдеп, автокөлік сатып алған.  Ай сайын 351 мың теңгені бала-шағасының аузынан жырып төлеп отыр. Әлі 5 жыл төлеуі қажет. Алайда, көлігі автотұрақта тұр. Айтуынша, сот шешімімен ол бастапқы егесіне қайтарылған. Ал енді өзі банктегі қарызы еселеніп,  жаяу қалды.
 
КҮЛІМШАТ ЕРКІН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Не үшін заңды өзімнің атымда тұрған автокөлігімді  біреуге беруім керек?! Талабым өзімнің адал еңбегіме алған машинамды өзімізде қалдыруын талап етеміз. Біреудің кінәсі үшін біз үшінші тұлға ретінде жауап беруге  тиісті емеспіз.


Темір тұлпарлардың алғашқы егелері келісімшарт негізінде сатып беру үшін автосалонға өткізген. Алайда, көліктерінің ізін таба алмай, заң орындарына шағымданған екен. Сол арада ол бірнеше адамға сатылып үлгерген. Қазіргі таңда көлік аламын деп басы бәлеге қалған 20 шақты адам бар. Даулы көліктің де саны оннан асады.  Қалалық соттың шешіміне сай олар бастапқы егелеріне қайтарылуы тиіс. «Ал соңғы сатып алушылар сотта мүлде ескерілмеді» дейді жиналғандар.

ГҮЛСАРА ИГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Судья тек жәбірленуші жақтың шешімін қабылдады да біз ешқандай жақты жоқпыз. Біз я сөйлей де алмадық, біздің тұрған машинамызды тартып алып ол жаққа беріп тұр. Біз оған нарызымыз.


Кейбір автокөліктер әлі күнге  банкте кепілде тұр. Бірақ олардың өкілдері сот процесіне шақырылмады дейді заңгерлер. Оған қоса, қорғалушымыздың «құқықтарына нұқсан келіп тұр» деп есептейді.

МАДИЯРОВ МҰХАМЕДҚАЛИ, ОБЛЫСТЫҚ АДВОКАТТАР АЛҚАСЫНЫҢ АДВОКАТЫ:

Соттың үкімі ол коституциялық  түрде қайшы болып тұрғаны меншік иелеріндегі автокөліктерді жәбірленушіге қайтарылсын дейді. Кейбір жәбірленушілер даже көпшілігі сотталушылардан автокөліктері үшін ішінара 5 млн теңге, 3 млн теңге ақша алғандары бар. Ол енді ақшаларын алып қойып  тұр ғой келісімшарт бойынша, жартылай алып қойған.


Қалалық №2 соттың мәліметінше, даудың тұтануына себеп болған екі адамға сот 4 жыл және 4 жыл 6 ай мерзімге  жаза кескен. Үкім әлі заңды күшіне енбеген. Ал  көлік түгіл бақыр тиын да бұйырмаған бұқара  кімнен талап етерін білмей дал.