Соңғы кезде қарт ата-анасын "психикалық ауытқуы бар" деп арнайы орынға тапсыратындар көбейген. Астанадағы осындай орталықта қазір 400 адам емделіп жатыр. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі.
Психикалық ауру аяқ астынан пайда болмайды. Дерт біртіндеп басталып, уақыт өте келе асқына түседі. Сондықтан ауру ушықпай тұрып, дер кезінде дәрігерге қаралып, қажетті ем-шараларды қабылдау маңызды.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Былтыр елімізде психикалық жүйке ауруларына шалдыққан 204 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 44 мыңға жуығы кәмелетке толмағандар. Ал Астана қаласында бұл көрсеткіш 17 мыңнан асып отыр. Дертке шалдыққандардың қатары жыл сайын артып келеді.
АЛМАГҮЛ АЙТЖАНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сомантикалық жағдайлары күрт өзгерген жағдайда, өзін өзі ұстай алмай қалып, басқа бір адамның көмегіне жүгініп отыратын адамдар келіп тұрады.
Соңғы кезде жадынан айырылған қарттарды орталыққа тастап кету оқиғалары жиілеген көрінеді. Дәрігерлердің айтуынша, ол жасына байланысты болатын жағдай. Кейбіріне — күйзеліс, отбасындағы қиын жағдайлар, жалғыздық әсер етеді дейді мамандар.
ӘСЕЛ ЖҰБАНЫШЕВА, ПСИХОЛОГ:
Егер ол өзін керексіз сезініп жүрсе мысалы, араласатын адамдары болмаса онда ол ауруға шалдығуы мүмкін және өмір жасы қысқа болады. Сондықтан міндетті түрде адамдармен араласу керек. Жаңа жерге бару керек, көп адамдармен араласу керек, сол бұрын қалай өмір сүрді, солай өмір сүру керек.
Науқастармен сөйлесуге де, халін білуге де ешкім келмейді. Тіпті, толық жазылып шықса да, туыстары «оны үйге қайта ала алмаймыз» деп бас тартатын көрінеді. Мұндай жағдайда арнайы комиссия құрылып, азаматты әлеуметтік мекемеге бағыттайды.