$523.2 €594.3 ₽6.38
×

Жауын-шашын және үсік: ауа райына байланысты ескерту жасалды

AstanaTV
09.04.2025ж. 14:42
143
Жауын-шашын және үсік: ауа райына байланысты ескерту жасалды
Фото: baq.kz

Синоптиктер 10, 11 және 12 сәуір күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Атмосфералық фронттар қайта әсерін тигізеді – жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қар аралас жаңбыр еліміздің батыс, солтүстік және оңтүстіктегі таулы өңірлерін қамтиды. Әсіресе 11 сәуірде батыс пен солтүстік-батыста қатты жауын күтіледі, ал 12 сәуірге қараған түні Қостанай облысында күшті жаңбыр жауады.

Ал елдің шығысы антициклонның ықпалында болып, негізінен құрғақ әрі тыныш ауа райы сақталады – бұл біршама ауа райының тұрақсыздығынан кейінгі демалыс кезеңі болмақ.

Синоптиктер батыс аймақтарда желдің күшеюі мүмкін екенін, ал еліміздің көп бөлігінде тұман түсіп, жолдағы көрініс нашарлайтынын ескертеді – жүргізушілерге аса мұқият болу ұсынылады.

Сонымен ауа температурасы қандай болады?

Батыста түнде ауа температурасы 2-7 градус жылыдан 0-5 градус жылыға дейін төмендейді, кейбір жерлерде 3 градус үсік күтіледі.

Солтүстік-батыста түнде 3-8 градус жылыдан -2 мен +3 градусқа дейін төмендейді.

Солтүстік пен орталықта түнгі температура 2-7 градустан 7-12 градус жылыға дейін көтеріледі.

Шығыста түнде -3 пен +5 градустан 3-8 градусқа дейін жылы болады.

Оңтүстік-шығыста түнде 5-10 градустан 7-12 градусқа дейін көтеріледі.

Оңтүстікте түнгі температура 10-15 градустан 15-20 градусқа дейін жетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазгидромет 2025 жылғы сәуір айына арналған кеңес беру сипатындағы ауа райы болжамын жариялаған еді. 

Сәуір айында Қазақстанда жылыну байқалса да, жауын-шашын мен температура ауытқулары күтіледі. 

Бірінші онкүндікте жаңбыр, солтүстікте қар, көктайғақ және секундына 20 метрге дейін жететін жел болуы мүмкін. 

Ай ортасында жаңбыр мен қар аралас жауын, ал ай соңында негізінен жаңбыр күтіледі. Температура -5 градустан +32 градусқа дейін өзгереді.