$523.2 €594.3 ₽6.38
×

«Салық кодексі - тек салық мәселесі емес, бұл - әділдік” - Қошанов

AstanaTV
09.04.2025ж. 14:52
364
«Салық кодексі - тек салық мәселесі емес, бұл - әділдік” - Қошанов
Фото: ашық дереккөз

Мәжілісте жаңа салық кодексі талқыланды. Бұл талқылау қыркүйек айынан бері жалғасып келе жатыр. Осыған қатысты Ерлан Қошанов пікір білдірді, деп хабарлайды Astana TV.

Жұмыс тобында өте көп жұмыс атқарылды. Сонымен қатар кеше Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының отырысында да бұл мәселе жан-жақты қаралған болатын. Басқа да фракциялардың отырыстарында да талқылау өтті. Сондықтан көп жұмыс атқарылғанын айта кеткім келеді. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз, - деді Е. Қошанов.

Ең алғашқыда Мәжіліс пен Үкімет арасында көп мәселеге қатысты әр түрлі ұстаным болды. Тақылау барысында депутаттар Үкіметпен бірге жұмыс істеп, қызу пікірталастардан кейін біраз түйткілді мәселе бойынша ортақ шешімге келді. Мәжіліс Төрағасы солардың негізгілеріне тоқталды.

Бірінші. Қосымша құн салығының шекті мөлшері бойынша ортақ мәмілеге келдік. Бұл қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселе болатын. Үкімет ұсынған 15 млн теңге шекті мөлшерін 40 млн теңгеге көтеретінін, ол бойынша Үкіметтің ұстанымын жаңа ғана Жұманғарин мырзаның аузынына естідіңіздер. Екінші. Әркім өз кірісіне сай салық төлейді деген шешімге келіп отырмыз. Мысалы, сауда-саттықпен, қызмет көрсетумен айналысатын, тауар өндіретін шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режимі жұмыс істейтін болады.Яғни, 4 пайыздық салық мөлшерімен қосымша құн салығынсыз кәсіппен айналысу мүмкіндігі толық сақталады. Оған қоса, бұл мүмкіндікті кеңейту мақсатымен «тыйым салынған кәсіптер тізімі» әзірленеді. Бұл да – үлкен шешім. Ол да арнайы салық режимінің қолданылу аясын едәуір кеңейте түседі.  Үшінші. Ірі бизнес үшін жеңілдіктер қысқартылады. Бүгін ол туралы көп айтылды. Ал банктер мен ойын бизнесі үшін табыс салығы ұлғайтылады. Бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түспейді. Жаңа салық саясатының көздегені де – осы, - деді Е. Қошанов.