Қосымша құн салығы 16 процент боп бекітілді. Үкімет пен депутаттар әйтеуір дегенде салыққа қатысты бір мәмілеге келді. Бума-бума қағазын құшақтай келген Жұманғарин осы арқылы бюджетке 4-5 трлн теңге түседі дейді. Нәтижесінде, Ұлттық қорға тәуелдік төмендейтініне сенімді. Көпті алаңдатқан мәселені әріптесім Аружан Задабек тарқатады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Депутаттар бүгін 4 сағат тапжылмастан дәл осы жерде жаңа салық кодексін талқылады. Заң жобасының күрделі екені айтпаса да түсінікті. Оны, тіпті, депутаттардың эмоциясынан-ақ байқадық. Бір-бәріне дес бермей, жарыса сөйлегенде “жаны ашып жатыр ғой” деп жанымыз рахаттанды. Тек қонаққа келген министрлік өкілдерінің ұнжырғасы түсіп қайтты-ау. Депутаттар түгін қоймай сынаған қызметкерлер Парламент залынан бастарын салбыратып шықты.
Депутаттардың дәл бұлай шүйлігуі бекер емес. Маңызды мәселе көтерелетін жиынға министрлер палатасы дайындықсыз келген. Бірі толық мәлімет бере алмаса, енді бірі жазбаша жауап қатайын деп құтылды. Жұманғариннің өзі телефонына қайта-қайта алаңдап, депутаттардың ашуына тиді.
Құшағын құжатқа толтырған Жұманғарин бұл жолы құр қол емес. Біраз жеңілдікті арқалай келіпті.
Құн салығы 16 процент болды. Шегі 40 миллион деп белгіленді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, кітап басып шығару, археология салық төлеуден босатылды. Ал, ауыл шаруашылығымен айналысатындарға 70 процент жеңілдік қарастырылды. Бұдан бөлек, енді қосылған құн салығы тек ақылы медициналық қызметтерге салынады. Оның мөлшері – 10 процент.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Әлеуметтік саладағы корпоративтік табыс салығы – 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% болады. Банк операцияларына қосылған құн салығы салынады. Олардың бағасының өсуіне жол бермеу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі Үкіметпен бірлесіп ағымдағы бағалардың дұрыстығына талдау жүргізеді.
Мұндай жеңілдіктің бары қуантады. Бірақ заң жобасында әлі де реттелмеген мәселе көп. Алдымен жана ғана айтқан ақылы медицинаға тоқталайық. Бізде бір логопедтің 30 минуттық қабылдауына баланы апарау үшін кемінде 10-15 мың төлейсің. Күн сайын баратынын ескерсең, бұл кәдімгідей ата-ана қалтасына түсетін салмақ. Енді оларға 10 процент салық төлеу міндеттелсе, қызмет құнын бірден шарықтататыны түсінікті. Олай болса ерекше баланы қатарға қосу үшін 2-3 жұмысты қатар істейтін тұрғындар, тіптен, қиналып қалмай ма дейді депутаттар.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біздің елімізде ерекше балаларға білім беретін арнайы оқыту және дамыту орталықтары бар. Әрине, олар жекеменшік. Неге? Азаматтар аутизммен басқа да ерекше, дерттерге шалдыққан балаларын апарады? Себебі мемлекеттік медициналық мекемеге барып, ол жерге арнайы тіркеуге тұрып, тиісті жолдама алғаннан кейін 1-1,5 жыл күту керек жағдаяттар бар.
Құрылыс компанияларына қатысты да бірнеше сұрақ бар. 23 жыл бойы мемлекет мұндай мекемелерді қолдап келді. Субсидия берді. Мұның барлығы баспана бағасын арзандату үшін қабылданған шаралар. Бірақ, керісінше, тұрғын үй құны 21 есе өсті. Ол ол ма? Осы жеңілдіктің арқасында біраз құрылыс компаниясының иелері «Форбс» тізіміне кірді. Енді жаңа норма қабылданса бұл батпанқұйрыққа нүкте қойылады.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Кейбіріне тіпті ҚҚС-тан босатудың өзі жеткіліксіз болды. Үлескерлерді сазға отырғыза бастады. Салық кодексінің жаңа редакциясында құрылыс компанияларына ҚҚС тағайындау ұсынылған.
Енді жылжымайтын мүлігіңіздің құны 450 миллион теңгеден асатын болса, мүлік салығының мөлшері ұлғаяды. 75 миллионнан асатын жеңіл автомобиль мен теңіз кемесінің иесі болсаңыз да мемлекетке ақша бересіз. Сол сияқты тым қымбат ішімдік ішсеңіз де қалтаңыз жұқарайын деп тұр.
Қысқасы, дәл осыған келгенде бай болғаныңыз үшін өкініп қалуыңыз мүмкін. Өйткені Жұманғариннің өзі қарапайым халықта шаруамыз жоқ, байлар көп салық төлеуі тиіс деп шегеледі. Зиянды сусындарды тұтынуды азайту мақсатында алкогольсіз энергетикалық сусындарға акциз енгізу де ұсынылады.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Трансжирге — акциз керек. Иә, көбіміз тәтті нәрселерді жақсы көреміз. Бірақ трансжир — үнсіз қауіп.Көп елде олар мүлде тыйым салынған. Рак, семіздік, жүрек-қан тамыр аурулары, диабет — соның да салдары.
Тек байлар емес, ажырасқандар да назарда болады. Депутаттар некені бұзу кезіндегі төленетін мемлекеттік бажды 0,5 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін көтеруді ұсынды.
Нормаға сәйкес салықтар саны 12-ден 11-ге қысқарады. 2 төлем алынып тасталады, 3 төлем біріктіріледі. Алымдардың 6 түрі, мемлекеттік баждың 5 түрі қысқарады. Бұдан бөлек салықтық жеңілдіктер қайта қаралады. 3,4 трлн теңге сомасындағы 453 нормаға жеңілдік берілсе, 128-нен алынып тасталады.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Жұмыс тобында өте көп жұмыс атқарылды. Сонымен қатар кеше Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының отырысында да бұл мәселе жан-жақты қаралған болатын. Басқа да фракциялардың отырыстарында да талқылау өтті. Сондықтан көп жұмыс атқарылғанын айта кеткім келеді. Оның нәтижесін бүгін көріп отырмыз.
Үкімет мүшелері мұның барлығы толық орындалса нәтиже айқын көрінеді деп уәдені үйіп-төкті.
Нақтылап айтсақ, жылына бюджетке қосымша 4-5 трлн теңге түседі. Осы арқылы Ұлттық қорға тәуелділік азаяды. Түптеп келгенде, өз жыртығымызды өзіміз жамайтын деңгейге жетеміз.
Дегенмен мұның да бір «бірағы» бар. Депутаттар болжамға сенбейді. Өйткені Үкімет толық есеп-қисапты толық көрсетпеген. Ал, сөзге сену қиын дейді.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ұсынылып отырған жаңа Салық кодексі осы түйткілдерді шешуге бағытталып отыр. Осы орайда «АМАNАТ» Фракциясы Үкіметпен қоян-қолтық жұмыс істеді. Салық заңнамасының күмәнді тұстарын бірге талқыладық. Құжат бойынша әлі де пысықтайтын, ортақ мәмілеге келетін жайттар бар. Екінші оқылымға дейін оларды ретке келтіреміз деп ойлаймын.
Жаңа салық кодексі құдды бір арифметика секілді. Басың қатады, кей тұсын түсіну қиын. Сандар, пайыздар, формулалар, аргументтер. Бәрі — ресми. Бірақ түптеп келгенде бұл жай ғана сан емес. Бұл — адамның өмірі, тағдыры. Бұл - жай кодекс емес, бұл - әділдік заңы.