$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Павлодарда 50 жастағы азаматтың өліміне кінәлілер табылмай жатыр

09.04.2025ж. 20:00
78
Павлодарда 50 жастағы азаматтың өліміне кінәлілер табылмай жатыр

Павлодарда 50 жастағы азамат 4 қабаттан құлап мерт болған. Бірақ, бұған марқұмның туыстары сенбейді. Айтуларынша,  оны әлдекімдер балконнан лақтырып жіберген. Өйткені, балалары әкесінің өз-өзін өлімге қиды дегенге күмәнмен қарайды. Шырылдап шындық іздеген ұлы тергеу амалдарының дұрыс жүргізілмей жатқанына шағымданды. Мәселенің мәнісін тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп көрді.

Қайғылы оқиға осы жылдың қаңтар айында болған.  Асылбек Қаражанов өз үйінің балконынан құлап, мерт болды деген суық хабар балалары мен туыстарын есеңгіретіп тастады.  Баласы Райымбек әкесінің өз өзін өлімге қиды дегеніне сенбейді. Бұны әлдекімдер қасақана жасады – деп отыр.

РАЙЫМБЕК МАЗАН, АСЫЛБЕК ҚАРАЖАНОВТЫҢ ҰЛЫ:

Әкем өз-өзін өлтіруі мүмкін емес. Өте жақсы адам болатын. Күн сайын сөйлесеміз. Ол кісі маған болашақ жоспарларын айтатын. Оқиға болған кезде пәтер іші астаң кестең болып жатты. Үстел, теледидар сынған. Қанжоса пәтер іші. Яғни, бұны біреу жасаған.


Бастапқыда полиция  өз-өзіне қол жұмсау бабымен іс қозғамақ болған. Туыстарының табанды қарсылығынан кейін қылмыстық бап өзгертілді. Десе де, әлі күнге дейін күдікті  анықталмаған.

РИНАТ ТОҚУШЕВ, АДВОКАТ:

Бұл жерде марқұмның өзін өзін өлтірмегені анық. Оған жиналған дәлелдер мен айғақтар куә. Сол үшін біз бұны суицид емес деп, прокуратураға арыз жазып, қылмыстық істің бабын түзеттірдік. Десе де, әлі күнге дейін күдікті адамның табылмай тұрғаны бізді алаңдатып отыр.


Марқұм жақындары  әділдік сұрап, талай есіктің табалдырығын тоздырған.  Қазір бұл іс Павлодар облыстық полиция департаментінің қатаң бақылауына алыныпты. Кісі өлтіру және тонау бабы бойынша іс қаралып жатыр.

ЖАННА БІЛӘЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Жедел тергеу тобы оқиға орыннан қан іздерін, саусақ іздерін алды. Бұдан бөлек тұрғын үйдің сыртқы бейнебақылау камераларынан үзінді алынып тексерілді.  Осы жиналған деректер қылмысты ашуға  көмектесетін болады. Қажетті шаралар жасалынып жатыр.


Асылбек Қаражанов биыл ғана 50 жасқа толған.  Балалары оның арманы көп болғанын айтады. Шетелге шығып, ел аралауды жоспарлаған деп отыр. Осындай адамның өз өзін өлтіруі мүмкін емес. Сондықтан да балалары әкесін өлтірген адамның табылып, қатаң жазалануын сұрайды.