$523.2 €594.3 ₽6.38
×

Дональд Трамп Қытайға қысымды күшейтті

09.04.2025ж. 20:00
177
Дональд Трамп Қытайға қысымды күшейтті

Дональд Трамп Қытайға қысымды одан сайын күшейте түсті. Аспан асты еліне қарымта салық енгізгеннен кейін, АҚШ кедендік салықты 2 есе өсірді. Одан бөлек, АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсетт Панамаға барып, бүкіл әлемдегі сауда айналымының күретамыры – Панама каналын Қытайдан тартып аламыз, - деп сес көрсетті. Аспан асты елі жалғыз АҚШ-пен текетіресіп қалған жоқ. Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей жағында соғысып жүрген екі қытайлық сарбазды қолға түсіргенін хабарлады. Шартараптағы басты жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Қытай Трамптың шамына тиіп бітті. Ашуға мінген АҚШ Президенті кеден салығын екі есе өсіріп, 104 пайызға жеткізді. Оған кешегі Қытайдың жауабы себеп болды. Аспан асты елі Трамп салықтарына жауап ретінде Америкалық тауарларға 34 пайыз салық салып, 6 компанияның жұмысына шектеу қойған еді.

КЭРОЛАЙН ЛЕВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бүгін түн ортасында Қытайға қатысты жаңа тарифтер күшіне енеді. Президент Трамп Қытай бізбен келісу керек деген пікірде. Қытай АҚШ-қа қарсы тариф енгізуі үлкен қателік болды. Жалпы, Қытай билігі экономикалық саясаттан мүлдем хабары жоқ секілді.


АҚШ Панама каналын Қытайдан азат етеді. Қорғаныс министрі – Пит Хегсет Панамаға жұмыс сапарында осылай, - деп сес көрсетті. Оның айтуынша, Қытай бүкіл әлем саудасы мен экономикасы үшін маңызды аумақта ықпалын қатты арттырып жіберді. Бұл іспен, тікелей Пентагон айналысады, деп бір қорқытты.

ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Біз бірлесе Панама каналын Қытайдан азат етеміз. Олар коммерциялық компанияларды барлау үшін пайдалануда. Онымен қоса, әділ бәсекелестікке де үлкен нұқсан келуде. Сондықтан, АҚШ пен Панама бірлесе әрекет ету керек. Қажет болса, әскери күш те қолданамыз.


Украинада қытайлық сарбаздар тұтқынға түсті. Олар, Ресей қарулы күштерінің қатарында соғысып, Донецк облысының аумағында қолға түскен. Украина Сыртқы Істер Министрлігі Қытай елшісін шақырып алып, түсіндірме талап етті. Қос қытайлықтың өздерінде төлқұжаттары мен банк карталары болған.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгін Донецк облысындағы Тарасвока мен Балогорвка елді-мекендеріндегі ұрыс кезінде қытайлық екі азамат қолға түсті. Олардың барлық құжаттары өз қолдарында болды. Біздің барлық дәлелдеріміз бар. Жалпы, Ресей әскерінде қытайлықтар бұдан да көп екендігін білеміз.


Айта кетейік, Украина барлау қызметтері Ресей әскерінің құрамында ең кемі 8 қытайлық соғысып жүргені туралы мәлімет таратқан еді. Қытай болса, бұл мәліметтердің барлығын жоққа шығаруда.