Маңғыстау облысында Мұнайлы аудандық соты iрi мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтаған тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды otpannews.kz.
21 маусым 2024 жылы «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында азамат Э.-нің Мұнайлы ауданында орналасқан үйінде 14 орамға оралған жалпы салмағы - 0,96 грамм «героин» есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз иемденіп, сақтағаны анықталған, - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен, тінту хаттамалары және өзге де қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.
Сот сотталушының кінәсін ішінара мойындауын, асырауында бес баласы бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен азамат Э. ҚК 297-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазіргі уақытат үкім заңды күшіне еніп отыр.