Алдымен 8 сәуір күні жаңбыр жауса, 10-ына қараған түні қарға ұласты, - деп жазды kaz.inform.kz.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, облыстың оңтүстік аудандарында қар даланы басып қалған.
Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылдық округінің тұрғыны Жақсылық Молдашевтің айтуынша, қар 10 сәуір күні таңғы сағат 04.00 шамасында басталып, 8-дерде ашылған.
- Қар далада өсіп тұрған қызғалдақты басып қалды. Енді үсіп кетеді-ау деп алаңдап тұрмыз. Малды да қамап жатырмыз, - дейді Қарой қыстағында тұратын Ж.Молдашев.
Облыс орталығы Орал қаласында да таңнан бастап қар жауды. Жерге түскен қар еріп жатыр.
Бұдан бұрын «Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялаған болатын. Онда 10 сәуір күні түнде облыстың батысы мен солтүстігінде 3 градус үсік соғуы мүмкін екендігі хабарланды. Сондай-ақ жаңбыр мен қар жауғандықтан, оның соңы көктайғаққа ұласуы ықтимал.
- Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында да түнде қар жауды. Қазір еріп жатыр. Жалпы, 8 сәуірде кіретін бесқонақтың жауын-шашынды болғаны – жақсы ырым. Өйткені көктем мен жазда жаңбыр жаумаса, шөп дұрыс өспейді, көктегені ерте қурап кетеді. Әсіресе, мал ұстаған ағайынға қиын. Соңғы жылдары өңіріміздің қуаңшылыққа ұшырап жүргені жасырын емес. Сондықтан жаңбыр жауа түссе екен деп отыр елдегі ағайын, - деді Хан ордасы ауылының тұрғыны Бақытқаным Мизамбаева.