$521.9 €593.5 ₽6.39
×

Трамп: «Бүкіл әлем басшылары менің алдымда құрдай жорғалады»

10.04.2025ж. 20:00
127
Трамп: «Бүкіл әлем басшылары менің алдымда құрдай жорғалады»

Дональд Трамптың беті бері қарады. Өзінің 180 елге салған кеден салығын уақытша тоқтатты. 90 күн әлемдік экономика қалыпты жағдайда жұмыс істей береді. Бірақ, бұл жеңілдіктердің Қытайға қатысы жоқ. Трамп шешіміне қарымта қайтарамын дегеніне ашуланған АҚШ Президенті Қытайға қатысты шешімін өзгертпеді. Тіпті, одан сайын қатаңдатып жіберді. Бір күн ішінде 104 пайыздан кеден салығы 125 пайызға дейін жетті. Алайда, өзге мемлекеттердің басшыларын да кекеткен Трамп, өз сұхбатында бәрін  жайып салды. Шартараптағы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып көрді.

Өзге ел Президенттері маған хабаласып не дейтінін білсеңдер ғой. Неше түрлі өтініш айтады. Аяғыма жығылуға дайын". Осылай деген Дональд Трамп өзінің тарифтерін кері шегіндірді. Бірақ, уақытша. Алдағы 90 күн шекті 10 пайыздық салық қана алынбақ. Бұндай шешімге не себепті келгені туралы бірнеше пікір бар. Бірінде АҚШ сауда министрлігі мен миллиардерлер осындай кеңес берді десе, екінші пікір бойынша Трамп Еуропа, Канада мен Қытайдың қарсы тарифтері және қор биржаларындағы акциялардың құны түсе бастағанынан қорыққан. Қайткенде де, Трамптың беті бері қараған сәттен кейін әлемдік нарық қалпына келе бастады.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Барлық Президенттер менің телефоныма тыным бермеді. Олар менімен келісімге келуге ұмтылуда. Осыған байланысты мен 90 күнге тоқтамға келуге шешім қабылдадым. Өзімнің заңгерлеріме де, кеңесшілердің көмегіне де жүгінбедім. Осы құжатты қалай жылдам әрі күшті қылып жазғаныма тәнті болып отырмын. Адамдар қорқа береді. Бірақ, уайымдауға негіз жоқ.


Бірақ, Қытайға жеңілдік жасамаймын. Осылай деген АҚШ Президенті Қытайға одан сайын шүйлікті. Оған себеп, ресми Пекин жауап ретінде АҚШ тауарларына деген кеден салығын 84 пайызға дейін жеткізді. Сондықтан, Трамп тарифін одан сайын көтеріп, 125 пайызға арттырды. Сарапшылардың айтуынша, қос держава арасында сауда-саттық тоқтады дегенді білдіреді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қытай маған да, әлемдік нарыққа да құрметсіздік көрсетіп отыр. Осыған байланысты тарифтерді 104 пайыздан, 125 пайызға дейін көтеріп отырмын. Бұл шешімім дәл осы сәттен бастап орындалады. Алдағы уақытта Қытай Әлем елдерін, әсіресе, АҚШ-ты тонау жақсылыққа апармайтынын түсініп, өздерінің алаяқтық әрекеттерін тоқтатады деген үміттемін.


АҚШ пен Қытай үшін экономика қайғы болса, Доминикана республикасы үшін жан қайғы. Ел астанасы – Санта-Доминго қаласындағы түнгі клубтың опырылып түсуінен 184 адам қаза тапты. Бірнеше жүздеген адам ауыр жарақат алған. 8-і хал үстінде. «Джет Сэт» клубының шатыры танымал латинамерикандық әнші Рубби Перестің концерті кезінде ортасына түскен. Кейбір ақпар бойынша қайғылы оқиға кезінде клуб ішінде мыңдаған адам болған.