$516.91 €586.33 ₽6.3
×

Елімізде ет тапшылығынан баға шарықтап кетті

10.04.2025ж. 20:00
140
Елімізде ет тапшылығынан баға шарықтап кетті

Елімізде ет тапшы. Мамандар 2019 жылы мал экспортына салынған тиым салдарынан ірі қара саны 2 милионға  азайып кеткенін айтып дабыл қағып отыр. Оның үстіне соңғы жылдардағы қуаңшылық та әсерін тигізбей қоймаған. Еттің аздығы  бағаның өсуіне әкелді. Өңірлердегі базар бағамын тілшілер білді.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Атырауда сиыр етінің келісі 4 мың теңгеге  жетті. 3500 теңгеге сүйек-саяғын ғана алуға болады. Мамандар елдегі ет қымбатшылығының басты себебін атады.


Айтуларынша, 2010 жылы ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы қабылданып, триллиондаған қаржы бөлінген. Сырттан асыл тұқымды мал әкелініп, бордақылау алаңдары салынды. Тіпті 2019 жылы Өзбекстан мен Қытай,  Иранға 240 мың ірі қара, 15 мың тонна сиыр етін экспорттаған. Сол  жылы мал экспортына енгізілген тиым фермердердің жұмысына тоқыратты,- дейді сала мамандары.

МАҚСҰТ БАҚТЫБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЕТ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Экспортқа салған тиымға сиыр етінің 2 есеге жуық қымбаттағаны себеп болды. Кейін ет бағасы түсті. Бірақ мал саны азайды. Өйткені демпинг басталды. Фермерлер жұмысшылар жалақысы, несие төлеу үшін тиімсіз бағамен сатуға мәжбүр болды.  2 млн басты пышаққа жықты. Өйткені өзіндік құнын ақтамайтын малды ұстаудың шығыны көп болды. Қазір қарапайым халық зардап шегіп отыр. Мал тапшы, ет қымбат.  Енді мал басын қалпына келтіруге 4–5 жыл қажет.


Коммуналдық базарда сауда сылбыр. Бірлі-жарым сатып алушы ғана. Олар да бұрынғыдай қалағанын алуды қойған.  

ЛАРИСА ШИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:


Өте қатты қымбаттап кеткен. 4 мың теңге деген масқараға ғой. Бұрын сиырдың сан етін алатын едім.  Қазір алмаймын. Міне, 1 келі 200 грамм алдым. 4мың 500 теңгеге шықты.  4-ке бөліп сорпа пісіремін.


Аймақта ет бағасы бақыланбайды. Тек  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енген сиырдың жауырын-төс бөлігінің ғана бағасын тексереді. Өйткені  оны  тұрақтандыру үшін қазынадан 245 млн теңге бөлінген.  49 сауда орнында белгіленген бағамен сатылады.  

ЖАНАР ТІЛЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
 

3245 теңгеге сүйекті жауырын, төс бөлігі тек қана кіреді.  Ал таза ет  олар кірмейді. Былтыр  бізге 3100 теңгеге  бекітілген.  Биыл 2 тоқсанға 3245 теңге белгіленіп отыр.


Депутаттар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына жылқы етін қосуды ұсынып отыр.  Бағаны тұрақтандырып, ет  нарығын реттеу үшін тыйым салу тәсілін өзгерту керек деген ұстанымда.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Әкімдіктегілердің мәліметінше,  атыраулықтар жылына  15 мың тонна сиыр, 11 мың тоннадан астам жылқы, 8 мыңға жуық қой етінін тұтынады. Онда да  өзін-өзі толық қамти алмайды. Көрші облыстар мен импорттық ет өнімдеріне тәуелді. Ал Шымкентте жағдай қалай, оны әріптесім, АйзадаТөребекқызы айтады.


АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Базаргүл, Шымкентте де ет бағасы біршама қымбаттаған. Әсіресе ірі қараның еті аспандап тұр. Ет сатушылар былтыр жыл соңында шарықтаған баға төмен түспек тұрмақ, қайта қосыла түскенін айтады.


Сұранысы жоғары сиырдың сүйекті еті  -3 400 теңге.  Таза еті - 4200 теңгеден сатылуда.  Оның қасында жылқы еті сәл де болса арзан. Сүйегі бары -3200 теңге. Ал сүйексіз ет -4200-4500 ден. Қазы да қымбат емес.  Баға  көктем шыққалы шарықтап кетті дейді жұрт.    Бірақ, оған да қарамастан сатып алатындар бар.  

1.Пенсиямызды етке жеткізе алмай жатырмыз. Ет өте қымбат болып жатыр.

2.Ет жеу керек болғасын келеміз, таңдаймыз да аламыз да кете береміз. Қымбаттығы бізге қазір білінбейді ғой. Өйткені, менің ойымша 50 теңге 100 теңгеден кішкенеден қаждый раз қосылып отырады да, сол себепті ол білінбейді.   


Қой етінің келісі де арзан тұрмайды. 3200-3500 теңге аралығында сатылып жатыр.  Мұның себебі бар дейді сатушылар.

ҒАЗИЗА АЙДАРБЕКОВА, ЕТ САТУШЫ:

1 ай – 1,5 айдың шамасында 700 теңге қосылып кетті. За счет того что, қазір өте үлкен мөлшерде болып жатыр  еттің экспорты, үлкейіп кетті. Адамдардың көбісі уже қазір етке келе алмай қалды даже, ала алмай жатыр. Ет өте қатты қымбаттап жатыр.  


РАХИЛА ҚАЙЫПОВА, ЕТ САТУШЫ:

Ташкент келіп барлық етті жинап, ценаны көтеріп жібереді. Келеді да 100-200 теңге көтеріп жібереді да, одан кейін біздің әкеп жатқан адамдарымыз да уже солардың ценасымен бергісі кеп тұрады да өткізген адам да...Мысалы бір қорада 100 бас болса сол 100 бастың бәрін Ташкент кеп бәрін ақшасын беріп, 200 теңге қымбатына сатып әкетіп жатыр. Сосын ет көтеріліп кетіп жатыр. Ташкент жабылса ет сразу түседі. Өткенде жабылған кезде сразу түсті ғой.


АЙЗАДА ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Сатушылар пайданың азайып кеткенін айтады. Алушылардың қатары  сирек дейді. Сондықтан ет бағасын үкіметтегілер бір ретке келтірер деген үмітте. Өйтпесе  бұл бизнестен береке кетеді ме деп уайымдайды.