«АМАNАТ» партиясы соғыс және тыл ардагерлерін Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойымен құттықтауда. Партия белсенділері «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында қарияларға көмек қолын созып, жылы лебіздерін білдірді. Қарағандылық еріктілер 89 жастағы тыл ардагері Нина Порохненконың үйіне барып, қарияның ауласын тазартты. Белсенді өмір салтын ұстанатын ардагер тек өзі көмек алып қоймай, өзгелерге де қол ұшын созатын көрінеді.
НИНА ПОРОХНЕНКО, ТЫЛ АРДАГЕРІ:
Мен өмір бойы жұмыс істедім. Сондықтан болар, әлі күнге бір орында отырмаймын. Ылғи қозғалыс үстіндемін. Дегенмен, менің жағдайымды біліп, тұрмыс-тіршілігіме көмек көрсетіп жатқан жастарға алғысымды айтамын. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын!
Алматылық еріктілер қоғам игілігі үшін аянбай еңбек еткен Медеу ауданының тұрғыны Айымкүл Әниятоваға көктемгі тазалық жұмыстарына көмектесті. Белсенділер жалғызбасты кейуананың ауласын тазалап, есік алдын қажетсіз қоқыстардан арылтты. Зейнеткер еріктілерге ақжарма тілегімен дастархан жайып, батасын берді.
МӨЛДІР ТҰРДАЛЫ, МЕДЕУ АУДАНЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖҚ ТӨРАҒАСЫ:
Біз ардагерлердің үйлеріне барып, олармен әңгімелесеміз, шаруашылық жұмыстарына көмектесеміз және денсаулықтарын бақылауда ұстау үшін дәрігерлердің тегін тексерулерін де ұйымдастырамыз. Жалпы ардагерлерге құрмет бұл – ұлттың парызы деп білеміз. Сондықтан бұл жоба жалғасын тауып, одан да үлкен ауқымға ие болады деп сенеміз.