Біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз. Шымкент жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы осылай деді. Қазіргі кодекстегі жеңілдіктерді кәсіпкерлер бас пайдасына жаратып, салықтан жалтарып келгені жасырын емес. Бұл еліміздің офшор аймағына айналып кетуіне итермелейді. Шырайлы шаһарға барған Қасым-Жомарт Тоқаев тағы қандай мәселе көтерді? Сүндет Оралбек сөз алсын.
Еліміздің ең ыстық аймағына ат басын бұрған Мемлекет басшысы жұмыс сапарын Шымкент әуежайының жаңа терминалымен танысумен бастады. Президент пәрменімен салынған әуе айлағына жеке инвестор 24 млрд теңге жұмсаған. Су жаңа нысан ұшақ қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Артынша Almaar Logistics сауда-логистика орталығына, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне барды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы көне қаланың төрінде бой көтерген «Shymkent City» жаңа шағын ауданындағы саябақты аралап, ағаш отырғызды.
Артынша Тулип Хол көпфункционалды орталығымен танысты. Конгресс-холлға жиналған жергілікті қауыммен тілдесті. Тоғыз жолдың торабында тұрған Шырайлы Шымкенттің стратегиялық маңызы арта түскенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Шаһар жыл өткен сайын қарыштап дамып келеді. Көптеген өндіріс орындары ашылып жатыр. Менің тапсырмаммен бірнеше әлеуметтік нысан салынды. Атап айтқанда, Конгресс-холл, екі Оқушылар сарайы, 11 жайлы мектеп бой көтерді.
Қала кәсіпке өте қолайлы. Содан болса керек, халық арасында Шымкентті «кәсіпкерлер отаны» деп атап кеткен. Шаһар экономикасының жартысынан көбі 140 мыңға жуық шағын және орта бизнес нысанының еншісінде
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Былтыр қалада жалпы аумағы 1,3 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Металлургия, құрылыс саласы, азық-түлік өндірісі қарқынды дамып жатыр. Былтыр қала экономикасы 11 пайызға өсті.
Мегаполистің демографиялық өсімі өте жоғары. Табиғи өсіммен бірге, мұнда көшіп келіп жатқандар көп.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бақылаусыз көші-қон, яғни, миграция тиісті техникалық және әлеуметтік инфрақұрылымға әсер етеді. Мұны да ұмытпауымыз керек. Әрине, Шымкент мен жаңа айтып өткен табыстың бәріне, ең алдымен, еңбекқор, іскер әрі ұйымшыл халқының арқасында жетіп отыр. Қазіргі алмағайып заманда бұл қасиеттер әр азаматтың бойынан табылуы керек деп санаймын.
Жаһандық сауда соғысының өршуі дүниені дүрліктіріп тұр. Мемлекет басшысының жұртшылықпен кездесуде бұл мәселені көтеруі тек емес. Себебі, текетірес орын алса, зарбады барлық елге тиеді. Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Трамптың шешімін құптайтынын жеткізді. Себебі, елдердің бір-біріне қарсы тарифтер енгізуі әлем экономикасының құлдырауына түрткі болып, халықаралық сауда-саттықтың бүкіл ережесін тас-талқан етуі, тіпті, оның соңы қарулы қақтығыстарға дейін ұласуы мүмкін.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз қазіргі ахуалды мұқият сараптап, барлық қауіп-қатерді ескеріп жатырмыз. Ешбір қиындыққа қарамастан, Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолынан ауытқымайды, стратегиялық бағдарымыз да өзгермейді.
Сауда-саттық – дамудың көзі. Көптеген елдер сауданың арқасында өркендей түсті. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын сауда жолдарының тоғысында тұр. Мемлекет басшысы еліміздің маңдайына жазылған осы стратегиялық мүмкіндікті ұтымды пайдалану керегін айтты. Сондай-ақ, тағдыр қосқан көршілес елдермен жемісті және жан-жақты ынтымақтастықты нығайта беретінімзді жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, байыпты және байсалды сыртқы саясатты жүргіземіз. Қазақта «Көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген сөз бар. Көрші мемлекеттердің бәрімен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Біз қашанда бұл мәселеге айрықша мән береміз.
Салық кодексі оқып, түсінуге қиын құжатқа айналған. Реформа жайында пікір білдірген Президент осылай деді. Қаптаған жеңілдіктер мен салық режимдері кәсіпкерлердің бір бөлігіне артықшылық берсе, тағы бірі оған наразы.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жаңа Салық кодексін әзірлеуге тапсырма берген кезде мен мейлінше түсінікті, тұрақты әрі әділ салық саясатына көшу жөнінде міндет қойдым. Шын мәнінде, біз салық саясатын қатаңдатпаймыз, керісінше ретке келтіреміз.
Жиыннан соң Мемлекет басшысына қаланың перспективті құрылыс жоспары таныстырылды. Президентке жекеменшік тұрғын үй кешендерінің бей-берекет өсуіне шектеу қойып, 2035 жылға дейін көпқабатты үйлердің үлесін 60 пайызға жеткізу жоспары жөнінде баяндалды. Биылдың өзінде шамамен 1,4 миллион шаршы метр баспананы пайдалануға беру көзделген. «Ақ Жайық» тұрғын үй кешеніне барған Президент артынша «Тассай» индустриалды аймағын аралады. Marai E7 Group өндіріс алаңының қызметімен танысты.