Аспан асты елі Голливуд фильмдерінен бас тартты. АҚШ пен Қытай арасындағы «сауда соғысы» тоқтар емес. Дональд Трамп әлемді біраз дүрліктіргенімен, Қытай басшысы Си Цзиньпин де осал емес. Американың енгізген салығына жауап ретінде АҚШ тауарларына салынатын баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін бір-ақ көтерді. Қос держава сауда әлегімен жүргенде, Трамптың Таяу Шығыстағы өкілі Путинмен кездесу үшін Мәскеуге барды. Сағызша созылған келіссөздерден нәтиже бола ма? Толығырақ «Жер-жаһан» айдарында.
Қайырлы кеш! Шартараптағы соңғы жаңалықтармен мен Мөлдір Жақан таныстырамын.
АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткоф Владимир Путинмен кездесу үшін Мәскеуге барды. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, Ресей мен Украина сәуір айының соңына дейін атысты уақытша тоқтату туралы келісімге келуі мүмкін. Олай болмаған жағдайда Трамп Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізуге ниетті екенін мәлімдеді. Бұл үшін ол АҚШ Конгресінен жаңа санкциялар туралы заң қабылдауды сұрауы да ғажап емес.
Ал АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай шиеленісе түсті. Бүгіннен бастап Қытай Американың енгізген салығына жауап ретінде АҚШ тауарларына салынатын баж салығын 84%-дан 125%-ға дейін көтерді. Онымен қоймай, аспан асты елі Голливуд фильмдерін импорттауға шектеу қойды. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, мұның экономикалық әсері аса ауқымды болмайды. Себебі соңғы жылдары Қытайдағы Голливуд фильмдерінің кассалық табысы күрт төмендеген. Айта кету керек, бүгін Испания премьер-министрі Педро Санчес Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Тараптар кездесу барысында «сауда соғыстарында жеңімпаздар жоқ» деген тоқтамға келді. Осылайша Трамптың қызуқанды шешімдеріне Қытай мен Еуропалық Одақ бірлесіп қарсы тұрмақ.
Нью-Йоркте туристер мінген тікұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан 6 адам қаза тапты. Желіде тараған бейнежазбадан тікұшақтың ұшып бара жатқан жерінен кенеттен Гудзон өзеніне құлағанын көруге болады. Туристерге экскурсия жасауға арналған тікұшақ Манхэттен қаласының орталығындағы алаңнан көтерілген. Тікұшақты басқарған ұшқыш пен атақты Siemens компаниясының басшысы Агустин Эскобардың отбасы мүшелері түгел көз жұмды. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз.
ДЖЕССИКА ТИШ, НЬЮ-ЙОРК ПОЛИЦИЯ КОМИССАРЫ:
Шұғыл түрде құтқару шаралары жүргізілді. Төрт зардап шеккен азамат оқиға болған жерде тіл тартпай кетті. Тағы екеуі жергілікті ауруханаларға жеткізілді. Өкінішке қарай, алған жарақаттарынан көз жұмды.
Мендегі ақпарат осы, құрметті көрермен! Астана Таймстың әлі де айбары бар. Арнамыздан алыстамаңыздар!