Қазақстан биыл өз зымыранын ғарышқа ұшырмақ. Қазір ол үшін қаржы бөлініп, айлақ дайындалып жатыр. Ал алдағы 5-10 жылда төртінші қазақ ғарышқа сапар шегуі мүмкін. 12 сәуір-ғарышкерлер күні. Саланың жетістіктері туралы тілшіміз айтады.
Байқоңырдан 73-ші ұзақ мерзімді экспедиция ғарышқа аттанды. Зымыран тасығыш әуеге көтерілгеннен кейін 9 минут өткен соң орбитаға шықты. Экипаж мүшелері халықаралық ғарыш стансасында 50-ге жуық ғылыми тәжірибе жүргізіп, 9 желтоқсанда жерге оралмақ.
Биыл Байқоңыр ғарыш айлағының ресми түрде құрылғанына 70 жыл. 78 жастағы Нұртілеу Салықов бала күнінен мұндағы тіршілікке қанық. Кейіннен өзі сонда жұмысқа орналасып, көптеген ұшырылымдарға куә болған. Айтуынша, бұл жердің ғарыш айлағы ретінде таңдалуы тегін емес.
НҰРТІЛЕУ САЛЫҚОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Атамыз қазақ бұдан бірнеше ғасыр бұрын бұны «жер кіндік» деп атаған. Сол қазіргі жер кіндік Гагаринский старт, ұшу алаңы. Соны біздің ата-бабалырымыз бұдан бұрын оның тартылыс күші, жоғарыға шығуа барлығы арзан, жеңіл.
Аспан әлеміне жасалатын әрбір сапардың маңызы зор. Бүгінгі таңда ғарыш кеңістігінен Жерді бақылау мен қадағалау мүмкіндігі туындады. Ғалымдар ғарыш жүйесін, жердегі инфрақұрылымдарды пайдалану мен құруды, жобалауды, алыс-жақын ғарыш кеңістігін зерттеуді қолға алды.
ӘБДІЛДӘ ТӨРЕШБАЙҰЛЫ, ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:
Өйткені келешектің, болашақтың энергия көзі – осы күн энергиясының көзі. Теориялық мағынада біраз зерттеулер бар.
Биыл Ұлттық ғарыш орталығында зымыран тасығыш жасау жұмысы басталады. Бұл елдің астронавтикада өзін шындап танытуына мүмкіндік береді, дейді мамандар. Отандық станциядан алғашқы ұшырылым биылға жоспарланған.
БАУБЕК ОРАЛМАҒАМБЕТОВ, ҚР ЦДИАӨМ АЭРОҒАРЫШ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бізде «Ғарышқа тәуелсіз қол жеткізу» деген бастама бар. Біздің ғылыми жұмысымыз 2021 жылдан бері жүргізілуде. Бұл технологияны игеруге мықты химиктер мен физиктерді жинадық. Биыл шағын метеориттік зымыран жасап, осы технологияны меңгеруді жоспарлап отырмыз.
Байқоңыр ғарыш айлағы әлемге ғылыми-техникалық прогреске, ал адамзатқа ғарышқа жол ашты. Ғарыш дәуірі бастау алған алаңнан биыл 10-ға жуық зымыран ұшыру жоспарланған. Соған сай жұлдызды қалашыққа 20 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде.